Нұр-Сұлтанда АӨСШК елдерінің экономика бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес елдерінің экономикалық бағыттағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше және байқаушы мемлекеттердің Қазақстандағы Елшілері және өзге де қонақтар үшін арнайы ұйымдастырылған Дипломатиялық іскерлік клубтың кезекті отырысына қатысты.

Сондай-ақ, бұл іс-шараға АӨСШК Хатшылығының, «Атамекен» ҰКП және жергілікті іскер топтардың өкілдері қатысты.

Ш.Нұрышев өз баяндамасында «қазіргі жағдайда АӨСШК елдері арасындағы экономикалық өлшемдегі ынтымақтастықты нығайту ерекше маңызға ие» екенін атап өтті. Бұл тұрғыда ол осы кездесу, сондай-ақ Қазақстанның 2020-2022 жылдар аралығындағы АӨСШК-ге төрағалығы аясында ұйымдастырылуы жоспарланған іс-шараларға, атап айтқанда іскерлік кеңестің отырысы, бизнес форум, туризм жөніндегі форум сияқты т.б. іс-шаралар мүдделі тараптар арасында іскерлік байланыстар орнатуға ықпал ететініне сенім білдірді.


Сонымен бірге, Ш.Нұрышев жақында АӨСШК-де эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және фармацевтика саласында жаңа сенім шарасының қабылданғанын хабарлап, бұл ынтымақтастық көкжиегін едәуір кеңейтетінін және АӨСШК елдерінің мемлекеттік мекемелері мен іскер топтары арасында өзара іс-қимылдың келешегіне үлкен жол ашатынын атап өтті.

Іс-шара барысында АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов, Дипломатиялық іскерлік клубтың тең төрағалары Исламбек Салжанов және Мажарстан Елшісі Михай Галошфаи, бірқатар қазақстандық іскер топ өкілдері де презентациялар жасады.

Жиынға қатысушылар ынтымақтастықты кеңейтудің ықтимал жолдарын талқылау үшін осындай кездесулердің пайдалы екендігін атап өтті және болашақта осы форматтағы пікірталастарды жалғастыруға қызығушылық білдірді.


Соңғы жаңалықтар