Нұр-Сұлтанда Алғыс айту күні қалай тойланады?

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алғыс айту күніне орай елордада 20-дан астам мәдени іс-шаралар жоспарланған.

Мерекелік шаралар қаланың барлық ұйымдарында, оқу орындары мен аудан әкімдіктерінде өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Биыл Алғыс айту күні бесінші рет тойланып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә. Назарбаев жыл сайын 1 наурызды қиын кезеңдерде өзге ұлт өкілдеріне көмектескен, мейірімділік танытып, оларды туысқаны ретінде қабылдаған қазақ халқына өзге этностардың алғыс білдіру күні ретінде атап өтуді ұсынды.

Мерекенің басты мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, қоғамдық келісім мен қайырымдылықты насихаттау.

28 ақпанда сағат 11:00-де Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің, ҮЕҰ және мемлекеттік органдардың қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтеді. Кездесу аясында қайырымдылық көрме-жәрмеңкесі мен қайырымдылық акциясын өткізу жоспарланған.

28 ақпан мен 2 наурыз аралығында М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында, Балаларды қолдау орталығының «SOS Астана қаласының балалар ауылы» мекемесінде Алғыс айту күніне арналған «Ризашылық - мейірімділік бұлағы» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы мен «Құшақтап, рахмет айтамын» флешмобы өтеді. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Мен алғыс айтамын», «Әлемге алғыс», «Қазақ халқына алғысым шексіз» фотокөрмелері жоспарланған.

29 ақпанда «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының ақсақалдар кеңесі мен жастар қанатының кездесуі өтеді. Сол күні №1 музыка мектебінің оқушылары «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме» ҚМУ ардагерлеріне арналған «Жүрек жылуы» концертін өткізеді.

1 наурызда этнолингвистикалық мектептерде Алғыс айту күніне орай ашық сабақтар ұйымдастырылады. Сол күні қалалық волонтерлер штабының бастамасымен «Ардагерлерге мың алғыс» акциясы басталады. Еріктілер соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, оларға тамақ себеттері мен елорда әкімінің атынан алғыс хаттар табыстайды. Сонымен қатар, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің өкілдері мемлекеттік органдардың қызметкерлері, университет студенттері үшін дәрістер өткізеді.


Соңғы жаңалықтар