Нұр-Сұлтанда әлеуметтік пәтер алатындар тізімі кеңейтілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда әлеуметтік пәтер алатындар тізімі кеңейтілді. Ендігіде, баспананы жеңілдікпен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін бұл тізімге әлеуметтік қызметкерлер, полицейлер, мәдениет және спорт мамандары енгізілген болатын.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізіне 10 негізгі басым бағыт кірді. Оның біріншісі ретінде жеңілдікпен қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бекітілген. Аталған мәселе бойынша ауқымды, жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз. Оның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және Қазақстан ипотекалық компаниясымен (ҚИК) де бірлесе жұмыс атқарудамыз», - деп жазды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында.

Елорда басшысы атап өткендей, өрт сөндірушілер күн сайын ерлік жасайды, қала тұрғындарының өмірін құтқарады.

«Біз ҚИК-пен бірлесіп, әлеуметтік пәтер алатындар санатын кеңейттік, енді олардың қатарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де кіреді. Бұған дейін бұл тізімге әлеуметтік қызметкерлер, полицейлер, мәдениет және спорт мамандарын да енгізген болатынбыз. Биыл жоғарыда аталған санаттардан өзге ҚИК бағыты бойынша берілетін 1 мың әлеуметтік пәтерге денсаулық сақтау мен білім беру саласының қызметкерлері де үміттене алады», - деді А.Көлгінов.

Айта кетейік, елордада 1 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификаттары берілетіндердің тізімі де кеңейтілген болатын. Сертификатты алғашқы жарна ретінде «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасында қолдануға болады.

Егер бұрын тізімде тек толық емес отбасылар, көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар ғана болса, енді тізімге халықтың әлеуметтік осал топтарының барлық санаты, атап айтқанда, жетім балалар, І және ІІ топтағы мүгедектер, зейнеткерлер, ардагерлер мен тағы басқалар кіреді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл қолжетімді баспана құрылысының көлемі үш есе артты», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар