Нұр-Сұлтанда әлеуметтік маңызды азық-түліктен тапшылық жоқ – әкімдік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Балтаевтың айтуынша, елорда халқының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қажеттілігі жылына 710 мың тоннаны, ал айына шамамен 60 мың тоннаны құрайды.

«2020 жылы қала бойынша азық-түлік өндірісінің жалпы көлемі 235 мың тонна болды. Бұл қаланың жылдық қажеттілігінің шамамен 30%-ын өтейді. Сондай-ақ, 185 мың тонна өнімді сақтауға болатын бес ірі логистикалық орталық бар. Қолданыстағы жеті көкөніс қоймасы бар, онда жылына 37 мың тонна өнім сақталады. Осылайша, жалпы сақтау көлемі жылына 222 мың тоннаға жетеді, бұл елорданың негізгі азық-түлік тауарларына жылдық қажеттілігінің шамамен 30%-ын сақтауға мүмкіндік береді», - деді Ержан Балтаев Нұр-Сұлтан мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында.

Оның айтуынша, әкімдік көкөніс қоймалары мен басқа да инфрақұрылым жобаларын іске асыру бойынша инвестиция тарту жұмысын жалғастыруда.

Қазіргі уақытта 15 мың тонна өнім сақтауға болатын үш көкөніс қоймасы салынып жатыр.

«Сауда залдары мен қоймаларда 60 мың тонна негізгі азық-түлік тауарлары тұтынылады, бұл – қаланың айлық көлемі. Азық-түлік тауарларын жүйелі негізде жеткізіледі. Бүгінгі таңда өнім тапшылығы жоқ», - дейді Е. Балтаев.


Соңғы жаңалықтар