Нұр-Сұлтанда 91 жастағы қарт коронавирустан жазылып кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың 91 жастағы тұрғыны Ирина Хлебникова маусым айының басында «коронавирус» диагнозымен №3 көпбейінді қалалық ауруханаға шұғыл жатқызылған болатын.

Ұзақ емделіп, қалпына келген соң әжей аяғынан тұрып, үйіне қайтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Ирина Хлебникованың туыстары 8 маусым күні мойын ауруына байланысты учаскелік дәрігерді шақырған еді. Алдымен олар әжейдің остеохондрозы бар деп ойлаған. Бірақ көп ұзамай безгегі ұстап, жөтел қысып, артынша буындары ауырған.

Жедел жәрдем бригадасы коронавирусқа талдау жасап, ол оң нәтиже көрсеткен. Осыдан кейін Ирина Хлебникова шұғыл түрде №3 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылды.

«Ауруханада алынған анализ нәтижесі өте нашар болды. Мен өзім реаниматолог ретінде әжемнің ағзасында қандай өзгерістер болып жатқанын түсіндім. Әжем ауруханада ұзақ уақыт бойы оттегі арқылы емделді. Егде жасына байланысты созылмалы аурулары да болды», - дейді науқастың немересі Инесса Хлебникова.

Жалпы хирургия бөлімінің дәрігері Виталий Калиннің айтуынша, стационар дәрігерлері егде жастағы науқасты емдеу үшін қолдан келгеннің бәрін істеген.

«Емдеу жолын белгілеу үшін түрлі сала мамандары жұмылдырылды. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мақсатымызға жеттік. Әжей тірі, дені сау, қазір үйінде», — деп атап өтті дәрігер.

Өз кезегінде әже бригаданың фельдшерлерінен бастап аурухана әкімшілігіне дейін атсалысқандардың бәріне алғысын білдірді.

Айта кету керек, стационар дәрігерлері қала тұрғындарын жаппай вакцинацияға қатысуға шақырады. Бұл КВИ-ден қорғанудың жалғыз және тиімді әдісі.


Соңғы жаңалықтар