Нұр-Сұлтанда 41 мектеп санитарлық талаптарды бұзған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда мектептерінің кезекші сыныптарында санитарлық талаптар бұзылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жанынан білім беру ұйымдарында санитарлық талаптарды сақтау жөніндегі мобильді топтар құрылды. Оқу жылының басынан бері 105 мектеп – 89 мемлекеттік және 16 жекеменшік мектеп тексерілді. Оның ішінде 41 мектепте бұзушылықтар анықталды. Бір мектепке 230 АЕК (1 АЕК – 2 651 теңге) көлемінде айыппұл салынды. 37 балабақша тексерілді, оның 18-і мемлекеттік және 19-ы жеке меншік. 12 балабақшада талаптар бұзылып, үш балабақша бойынша әкімшілік шаралар қабылданды», - деді Шолпан Қадырова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігі бойынша да жұмыс жүргізілген. Материалдар комиссияның қарауында жатыр.

«Күн сайын білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесулер өткіземіз. Әрине, санитарлық шараларды сақтау мәселелерін талқылаймыз», - дейді Ш. Қадырова.

Айта кетейік, оқу жылының басынан бері елордада 18 бала COVID-19 вирусын жұқтырды. Оның 14-і қашықтан оқыған, төртеуі – кезекші сынып оқушылары.


Соңғы жаңалықтар