Нұр-Сұлтанда 27 елдің елшісі жаңа саябаққа ағаш отырғызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің жаңа аллеясына ағаш отырғызылды. Ұйымға мүше 27 мемлекеттің елшісі жаңа аллеяға қызыл шетен ағаштарын отырғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 30 жылдығы қарсаңында бүгінгі шараның символдық мәні бар деп ойлаймын. Бұл ұйым халықаралық қатынастардағы күрделі мәселелерді шешудегі маңызды халықаралық платформа ретінде бекітілді. АӨСШК бес негізгі өлшем бойынша жұмыс істейді: әскери қақтығыстарды болдырмау, соған сенім шараларын қабылдау, экономикалық бағыт, экологиялық бағыт, адами бағыт және жаңа тегеуріндер мен сындар. Бүгінгі шараны ғаламшардағы өмірді жақсарту үшін мемлекеттер бірлескен қадам жасайтын адами өлшемнің көрсеткіші деп атар едім. АӨСШК философиясы да осы. Аллеяғы жыл сайын келуді жоспарлап отырмыз. Келген қонақтар мен делегацияларды да осы аллеяға әкелеміз «, - деді АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай аллеяның ашылуында.


Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева аллеяның ашылуын елорданың дамуына қосқан ерекше үлес деп бағалады.

«Бүгін аллеяның алғашқы ағаштары отырғызылды. Оған 27 мемлекеттің өкілдері бас қосты. Аллеяның Бейбітшілік және келісім сарайының маңында ашылуы да тегін емес, осындай шаралар арқылы мемлекеттердің ынтымағы арта түседі. Бұл – қаланы одан әрі көгалдандыруға ынталандыратын, елордамыздың дамуына қосқан ерекше үлес. Алдағы уақытта да ағаш еккен әрбір мемлекет елшілері аллеяда серуендеп, ағаштарды суарады деп ойлаймын», - деп атап өтті Айгүл Соловьева.


Елшілерге ағаш отырғызуға «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының еріктілері көмектескен.

«Біздің жұмысымыздың бір бағыты – өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру. Соңғы айда біз «таза көлдер», «таза саябақ» акцияларын өткіздік, еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам көшет отырғыздық, 80 мыңнан астам жастарды эко-бағытта біріктірдік», - деп атап өтті «Жас Ұлан» төрағасы Динара Сәдуақасова.


Соңғы жаңалықтар