Нұр-Сұлтанда 11 автобустың қозғалыс бағыты өзгереді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 11 қоғамдық көліктің бағытына өзгеріс енгізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағдар жүйесін жаңартуға қатысты айтар болсақ, биыл бірқатар ұсыныс бердік. Соның бірі – бағдар схемаларын туралау. Өздеріңіз білетіндей кейбір автобус көшелерді айналып барып қозғалады. Мәселен №12 автобустың бағдарында сондай сипат бар. Ол қоғамдық көлік Қабанбай көшесімен келе жатып, Тұран даңғылына түсу үшін Министрліктер үйін айналып барады. Осы жағдай жолаушылардың біразының көңілінен шықпай жүр. Сол себепті аталған бағдардың қозғалысын туралау туралы ұсыныс бердік. Осылайша қозғалыс уақыты да, интервалы да қысқарады», - деді CTS компаниясы басшысының орынбасары Бауыржан Сейітов «Елордадағы қоғамдық көлік кешенін дамыту: кеше, бүгін, ертең» атты көрме-конференциясында.

Оның айтуынша, №12 автобуспен қатар, қаладағы дәл осындай 11 қоғамдық көліктің қозғалысына өзгеріс енгізілмек. Олар: № 2, 7, 18, 33, 40, 46, 51, 52, 61 және 81-бағдарлар.

Еске сала кетсек, бүгінгі көрме-конференция барысында CTS компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердинов елордада кәмелетке толмаған балалар қалаішілік қоғамдық көлікпен тегін жүретінін хабарлаған еді. Сонымен қатар халықтың алты санатына кіретін азаматтарға қала маңы бағдары бойынша қоғамдық көлік тегін болады. Ол алты санаттың ішіне зейнеткерлер, мүгедектер, ҰОС ардагерлер, мүгедектерді алып жүрген адамдар, көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылардың мүшелері кіреді.


Соңғы жаңалықтар