«Нұр-Сұлтан-Теміртау» трассасында екі адам мерт болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Нұр-Сұлтан-Теміртау» автожолында көлік апатынан екі адам қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оқиға бүгін, 14 ақпан күні сағат 10-дар шамасында «Нұр-Сұлтан-Теміртау» автожолының елорда бағытында болды. Алдын ала нұсқа бойынша, «Foton» автокөлігі екі жүк көлігінің ортасында қысылып қалған. Салдарынан «Foton»-ның жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, оқиға орнына компанияның 13 арнайы техникасы (4 біріктірілген жол машинасы, 3 автогрейдер, 3 тиегіш және 3 МТЗ) жұмылдырылды.

«Барлығы республика бойынша 776 техника жұмыс жасауда. Барлық сұрақтар бойынша 1403 нөміріндегі байланыс орталығына хабарласуға болады. Жүргізушілерге жол ережесін сақтау қажеттігін, рұқсат етілген жылдамдықты асырмай, қауіпсіз қашықтықты ұстануды ескертеміз. Сонымен қатар, сапарға тек қысқы дөңгелектермен шығуға кеңес беріледі», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-дан.

Айта кетейік, 13 ақпан күні қатты бұрқасын салдарынан елордадан шығатын екі ақылы жолда жаппай жол-көлік апаттары болды.

Оның бірі сағат 15:00-де «Щучинск—Нұр-Сұлтан» автожолында тіркелді. Жолдың Нұр-Сұлтан қаласына қарай 36-шақырымында 20-ға жуық автокөлік соқтығысып қалды.

Ал елордадан Щучинскіге қарай жолдың 37-шақырымында 16 автокөлік өзара соқтығысты. Мұнда 5 адам жарақат алды. Оның ішінде 2 жасар бала бар.

Үшінші жол-көлік оқиғасы «Нұр-Сұлтан-Теміртау» автожолының 1408-шақырымында сағат 16:00 кезінде болды. Шоқай елді мекенінің маңында 15 көлік соқтығысып қалған. Оның ішінде 3 жүк машинасы, 2 газель, 10 жеңіл көлік бар.

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім еткендей, ауа райының нашарлауына байланысты төрт өңірде - Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында Жедел штабтар жұмыстарын қайта бастады.


Соңғы жаңалықтар