«Нұр-Сұлтан-Щучье» тасжолын қардан тазарту жұмыстары сын көтермейді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – «Нұр-Сұлтан-Щучье» тасжолын қардан тазарту жұмыстары сын көтермейді.

«Сапалы жол» жобасы шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің жанындағы Арнайы мониторингтік тобы мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Ақмола облысы бойынша филиалы бірлесіп, автомобиль жолдарын пайдалану мен күтіп ұстауға қоғамдық мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мониторинг барысында арнайы топ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызмет көрсететін «Щучье - Нұр-Сұлтан» ақылы автомобиль жолына шығып, жолды қардан тазалау жұмыстарына назар аударды. Осы автокөлік жолын күтіп-ұстауға және жөндеуге 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.


Ведомстводан атап өткендей, биыл қыста жауған қар мөлшері нормадан асып кеткен. Ал коммуналдық қызметтер бұған дайын емес болып шықты. Мамандандырылған жол техникасының жетіспеушілігі қолайсыз ауа райы кезінде жолды қардан тазарту - басты мәселенің бірі болып отыр. Сонымен қатар, жол-пайдалану учаскелері Щучье, Макинск, Ақкөл елді мекендерінде орналасқан меншік құқығында тиісті техникасы бар жеке және заңды тұлғаларды қар жинауға жедел тартуға мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдайлар режімі жарияланған кезде техниканың басым көпшілігі елорда көшелерін қардан тазартуға тартылады, сол себепті, Ақмола өңірінде арнайы техниканың жетіспеушілігі туындайды.


«Мониторинг кезінде шетелдің кейбір сапасыз техникалары күрделі ауа-райы жағдайларында істен шыққаны анықталды. Ал, қосалқы бөлшекті сатып алу тапсырыс беруші үшін өте тиімсіз, өйткені келіп түсетін бөлшек техникалық параметрлерге сәйкес келсе де, олардың сапасы төмен. Сондай-ақ, талдау барысында белгілі қар ұстап қалатын учаскелерде жүру бөлігінде қар үйіндісін азайту үшін темір-бетон қоршаулар санын арттыру және осындай қоршаулардың екі-үш деңгейлі орнатылуын қарастыру ұсынылды», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Динара Нұртас.

Ал, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Ақмола облыстық филиалының қызметкері, жол инженері Абылай Төлеуовтің айтуынша, Бурабай ауданында жақында болған бораннан кейін жол тазаланғанымен, оның бойындағы аялдамалар маңы мүлдем тазаланбаған. Жол инженері жолды пайдалану учаскесінің басшылығына кемшіліктерді жою жайлы ескертпе жазып қалдырды. Ал, Ақкөл ауданының тұсында жолдың кейбір бөліктерінде үш жолақтың екеуі ғана тазаланған. «Нұр-Сұлтан-Щучье» тасжолының 157-ші шақырымында жолдың үшінші жолағында қар тау боп үйіліп жатыр. Бұл, көлік қозғалысының қауіпсіздігіне әсер етері сөзсіз.

Айта кету керек, ақылы автожолда жол жүру үшін жиналған қаражаттың жұмсалуы туралы жария ақпараттың болмауына байланысты автокөлік иелері тарапынан қайшы пікір туындайды. Осыған байланысты, топ жоғарыда көрсетілген қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты ұсынуда ашықтықты қамтамасыз етуді ұсынды.

Сонымен қатар, жол бойындағы кемпингтерді тексеру қоқыс шығаруға және қоғамдық дәретханаларға қызмет көрсетуге байланысты кемшіліктердің бар екенін атап көрсетті.

Одан басқа, жол учаскесінде болып жатқан барлық жағдайлар туралы азаматтар WhatsApp-чат арқылы ЖПУ қызметкерлерін хабардар етуге мүмкіндігі бар.

Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша шығарылған барлық ескерту мен ұсынысты тиісті мемлекеттік органдармен және мекемелермен жұмыс кездесуінде жариялау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, тексеру барысында жолайырығы, көпір, жол белгілері, жол бойындағы демалыс нысандарының барлығы назарға алынды.

Осындай қоғамдық мониторинг алдағы күндері «Алматы-Екатеринбор», «Нұр-Сұлтан-Ерейментау», «Нұр-Сұлтан-Қорғалжын» тасжолдарында да жалғасатын болады.


Соңғы жаңалықтар