Нұр-Сұлтан полициясы интернет-алаяқтардың жаңа әдісін әшкереледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан полициясы интернетте жаңа алаяқтық әрекеттің пайда болғаны туралы мәлім етті.

Елордалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, алаяқтық әрекет мынандай жолмен жүзеге асырылады. Оңай олжаға кенелгісі келетіндер жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін интернетте тауар саудалаушылардың бірімен мессенджер арқылы хабарласып, өзін тауар сатып алғысы келетін адам ретінде таныстырады. Бұдан соң олар тауарды сатып алатынын айтып, ақшасын төлеу үшін сілтеме жібереді. Ал сатушы тауарының ақшасын алу үшін сол сілтемені басуы керек.

Бір қарағанда ешқандай күдік тудырмайтын сілтеме оны шерткен кезде тауар саудалаушыны фишингтік сайтқа өткізеді. Бұл сайтта анкета толтырып, онда банк картасының нөмірі, CVV-коды, ЖСН теріп, ақшаның аударылуын күту ұсынылады.

Алайда, реквизиттерді толтырып болған соң, алаяқтар сатушының банк карточкасындағы бар ақшаны бір сәтте шешіп алады. Артынан сайт жабылып, ешқандай із қалмайды.

Аталған факті негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Соңғы айдың ішінде осындай фактілер бойынша полицияға шамамен 15 өтініш келіп түскен.

Елордада осындай алаяқтық жолмен ақша ұрлаған 23 жастағы ер адам ұсталды. Оған қатысты бес қылмыстық іс қозғалып, сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағылық танытып, тек тексерілген интернет-ресурстарға сенім білдіруді, жаңа қызмет түрлерін тек ресми интернет-сайттар немесе колл-орталықтар арқылы тексеруін сұрайды. Сондай-ақ, бейтаныс адамдарға банк карталарының реквизиттері мен CVV-кодын айтпаған жөн. Осындай жағдайда шұғыл түрде банкпен хабарласып, банк операциялары мен карталарды бұғаттап, полицияға хабарласу керек» - делінген полицияның хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар