Нұр-Сұлтан полицейлері «Аулада қабылдау» шарасын өткізуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін тұрғын үйлердегі барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, «Аулада қабылдау» акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Астаналық полицейлер тұрғындарды қызықтырған сұрақтар бойынша консультация береді. Шараға, сонымен қатар, Nur Otan партиясының астаналық филиалының өкілдері, қоғам қайраткері Бибігүл Ысқақова, емхананың бас дәрігері – Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Динара Байсеркина, Алматы ауданы әкімдігінің тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мадияр Тұяқбаев және ПИК өкілдері, еріктілер мен жол қозғалысының жас инспекторлары қатысуда.

Тұрғындардың басым бөлігін түнгі уақыттағы тыныштықты бұзу мәселесі, ЖЖЕ-ні бұзу, бейнебақылау камераларының жұмысы, түнгі уақытта алкогольді ішімдіктерді ішу және т.б. сұрақтар алаңдатты.

Азаматтардың әрбір өтініші полиция қызметкерлерінің бақылауына алынды. Олардың әрқайсысы бойынша тексеріс жүргізіліп, керекті шаралар қолданылады. Акция, сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандар мен олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмыс жүргізуді мақсат етеді.

Одан бөлек, акция барысында қала тұрғындарынан алғыс түсіп жатты. Мысалы, бір әйел ішінде құжаттары мен 80 мың теңгесі болған сөмкені тауып бергені үшін полицейлерге алғыс айтты. Ол абайсызда өзінің сөмкесін Small супермаркетінің маңындағы арбада ұмытып кеткен. Осы уақытта жақын жерде болған ер адам сөмкені алып, артынша автокөлікке отырып, кетіп қалған.

Жедел басқару орталығының полицейлері бейнебақылау камералары арқылы көліктің нөмірін және оның иесін анықтаған. Ер адам істеген ісін мойындады. Полицейлер ұрланған сөмкені иесіне қайтарып берді. Ол өз кезегінде тәртіп сақшыларына осындай жедел жұмыс үшін алғысын айтты.

«Осындай акциялар полицияның халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде, сонымен қатар азаматтардың сигналдарына жедел жауап беруге олармен қарым-қатынас жасауға жақсы әсер етеді», - дейді астаналық полиция басшысы Ержан Сәденов.

Жұртшылықпен қарым-қатынасты нығайту және бұқарамен керіс байланысты қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық акция Жирентаев 22, Әнет баба 3, Абай даңғылы 63, Сарыарқа 11 тұрғын үйлерінің аулаларында сағат 20.00-ге дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар