Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры қала тұрғындарына үндеу жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Б. Мырзакеров елордалықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желілерде экстремистік ұйымның идеяларын қолдайтын жекелеген тұлғалар, Нұр-Сұлтан қаласында заңсыз митингілер мен шерулерге қатысуға шақырулар таратуда. Осыған байланысты, Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасы митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңмен реттелетінін түсіндіреді.

Бұл заң елде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуді демократияландырып, жеңілдетті.

Нақты айтқанда, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған.

Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша нысанда беріледі.

Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі.

Аталған хабарламаны жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Осы 3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.

Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі.

Ол үшін ұйымдастырушы оның өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруге, ал жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.

Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді.

Өтінішті қарау қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізу келісілгені не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды

Заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және қалалық, аудандық мәслихаттармен белгілеген маршрут бойынша ұйымдастырылуы және өткізілуі тиіс.

Өз кезегінде, жергілікті атқарушы органмен ұйымдастырушыларға бейбіт жиналыстарды өткізуді келісуден бас тартылған.

Тиісінше, Заңды бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамауға алу әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді.

Бұдан басқа, «Сovid-19» коронавирустық инфекциясының пандемиясына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 23 сәуірдегі «Карантиндік шектеулерді қатаңдату шаралары туралы» қаулысымен белгіленген адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге салынған тыйым әлі де қолданыста екендігін еске саламыз.

Оны сақтамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген.

Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.


Соңғы жаңалықтар