Нұр-Сұлтан қаласында жастар 5 мың теңгеге пәтер жалдап тұра алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жастар 5-15 мың теңге аралығындағы сомаға пәтер жалдап тұра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қатысушылардан мынаны ескеруді сұраймын: әр отбасының құрамы әр түрлі, сондықтан мәртебесі де әрқалай болмақ. Көпбалалы болсаңыз да, үш бөлмелі пәтердің берілмейтінін, тек бір және екі бөлмелілер таратылатыны ескеру керек. Тұрғын үй сатып алу, ұзарту құқығынсыз бес жылға беріледі. Яғни, бес жылдан кейін біз сізден осы тұрғын үйді босатуды сұрауға мәжбүр боламыз, өйткені біз бұл пәтерлерді басқа жастарға береміз. Баспаналардың жалдайтын ақысы айына 5-тен 15 мың теңгеге дейін болады. Бәрі де үйдің шаршы метріне байланысты. Біз дайын тізімді осы жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірмей орналастырамыз. Баспаналар желтоқсан айында беріле бастайды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қорының директоры Нұрсұлу Қожахметова елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, 5-10 қараша аралығында елордада жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бойынша өтініш қабылданады. Өтініш тек электронды түрде Smart Astana порталы арқылы қабылданады.

Нұр-Сұлтанда биыл бір және екі бөлмелі 1050 пәтер беріледі (30-70 шаршы метрге дейін). Құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, жастарға 202 екі бөлмелі және 848 бір бөлмелі пәтер тапсырылады.

Айта кетсек, Жастар жылына орай Елбасының тапсырмасымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкен қалаларында жұмысшы жастарға тұрғын үйді беру бойынша ережелерді бекіткен болатын. Аталған бұйрықты ҚР Тұңғыш Прездиенті Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылының ашылу салтанатында берген еді.

Соңғы жаңалықтар