Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустан бір адам көз жұмды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус індетінен 1 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан бойынша осымен екінші адам індеттен қайтыс болып отыр.

Пациент ер адам 50 жаста болған, 2020 жылы 21 наурызда жедел медициналық жәрдем бригадасы арқылы ауруханаға жатқызылды.

Бір ай бойы ауырып, медициналық көмекке жүгінбеген. Жұмысында жиі іс-сапарларға шығып тұрған. Жақын байланыста болған отбасы мүшелері мен жұмысындағы қызметкерлерден барлығы 31 адам ауруханаға жатқызылды. 55 ықтимал байланысқан адамға үй карантині белгіленді.

Сонымен бірге, отбасы мүшелерімен жақын араласқан екі адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

Науқас ауруханаға түскенде оның жағдайы ауыр болған. Тынысы тарылып, оған екі жақты пневмония диагнозы қойылған.

Келіп түскен сәтінен бастап созылмалы ауруларының кесірінен пациенттің жағдайы асқына берді. Онда қант диабетінің инсулинге тәуелді түрі, күретамырларының қысымы жоғары болған.

2020 жылдың 22 наурызында жансақтау және шұғыл терапия бөлімшесіне ауыстырылды.

Диагностика кезінде коронавирус инфекциясы расталған.

Коронавирус инфекциясының диагностикасы мен емдеу бойынша клиникалық хаттамасына сәйкес ем қабылдаған.

Күн сайын сала мамандарын, соның ішінде Астана медициналық университеті кафедраларының қызметкерлерін тарта отырып консилиумдар өткізілді.

Шұғыл терапияға қарамастан, тыныс алу, жүрек және бүйрек функцияларының жетіспеушілігі белгілері артқан.

2020 жылдың 31 наурызында сағат 03.30-да науқастың жүрегі тоқтады.



Соңғы жаңалықтар