Нұр-Сұлтан қаласында 700-ден аса жас жауынгер ант қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде орналасқан Үркер кентіндегі Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздің барлық өңірінен жиналған шақырылым сарбаздары 45 күндік арнайы дайындықтан өтіп, Отан қорғаушылар қатарын толықтырып отыр.

Жауынгерлерді құттықтауға астана әкімінің орынбасары, құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері мен сарбаздардың 2800-ден аса ата-ана, жақындары келді.


«Ұлттық ұланның жедел құрамасы елорда тұрғындары мен қонақтарының сенімді қалқанына айналды. Әскери бөлімнің жеке құрамы күнделікті қызметімен бас қаламыздың тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді», - деді өз сөзінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов.

Әскер ардагері запастағы генерал-майор Дәулет Салханов ұландықтарды маңызды қадаммен құттықтаса, құрама командирі полковник Сәкентай Шекарбеков жас сарбаздарға қызметте қырағы әрі жауапты болу керектігін баса айтты. Ал барша ата-аналар атынан Қостанай облысынан келген қатардағы Диас Жанахметовтің анасы Данагүл Ғалымжанқызы ақжолтай тілегін арнады.


- Перзенттерімізді еліміздің жүрегі саналатын әсем қала төрінен көргенімізге өте қуаныштымыз. Кеше ғана шаңырақтан шығарып салған бозбалалар аз ғана уақыт ішінде сымдай тартылып, сап түзеп, ел қорғауға бел буынып тұр. Жауапкершілік пен сенімділік көріп тұрмыз жанарларынан. Ұлымның алға шығып, Отан алдындағы борышын өтеуге берген сертін естігендегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуаныш пен толқу арпалысып кеткендей. Азаматтарымыздың қалай ел қорғайтынына біз, яғни аналар да жауаптымыз! – дейді сарбаздың анасы.


Ант қабылдаған сарбаздар атынан Орал қаласынан келген қатардағы Талант Жұмагелді сөз сөйлеп, көпшілік алдында берген анттарына адал болатындарын жеткізді.

Заңды түрде Отан қорғаушы атанған олар енді жауынгерлік қызметтің қыр-сырын меңгеріп, әлемдік, халықаралық, республикалық маңызы бар саяси-қоғамдық, мәдени-көпшілік, спорттық шаралар мен ресми кездесулер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, күн сайын қала тыныштығын қадағалайтын болады.


Соңғы жаңалықтар