Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына 43 жастағы Тимур Мұратов тағайындалды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Денсаулық сақтау басқармасының басшысын қаладағы ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерімен өткен онлайн-кеңесте таныстырды.

Тимур Мұратов медицина саласында 20 жыл бойы қызмет етіп келеді. Еңбек жолын № 6 қалалық емханада дәрігер болып бастаған. Әр жылдары №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі, №2 қалалық аурухананың бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, № 2 Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған.

Соңғы жылдары елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері болып жұмыс істеді. Меритократия қағидатына сәйкес дәрігерден «ҚР Президент Іс Басқармасының Медицина орталығының ауруханасы» РМК директорының бірінші орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өткен.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысына Сovid-19-дың таралу динамикасын төмендету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Карантин шаралары медицина қызметкерлері мен медициналық мекемелерге айтарлықтай жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Қабылданған шаралар мен қала емханаларында амбулаториялық емдеуді күшейтудің арқасында жедел медициналық жәрдем станциясына шақыртулар саны 3 есе (3 мыңнан 1 мыңға дейін) төмендеді. Пневмониямен стационарларға түскен науқастар саны 67,5% азайды, төсек қорының жүктемесі 99% - дан 39% - ға дейін төмендеді. Коронавирус көрсеткіші төмендеуінің оң динамикасы байқалады.


Соңғы жаңалықтар