+7 (701) 759 90 19
USD 384.97 EUR 427.12
RUB 6.04 CNY 54.75
Jańalyqtar

Нұр-Сұлтан атауы елордамызды биіктете түсетіндігіне күмән жоқ - Әли Бектаев

2019 жылғы 25 наурыз 14:07
Бөлісіңіз:
Нұр-Сұлтан атауы елордамызды биіктете түсетіндігіне күмән жоқ - Әли Бектаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан атауы астанамызды одан әрі биіктете түсетіндігіне ешқандай күмән жоқ. Бұл туралы бүгін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыдан 26 жыл бұрын, 1994 жылы сол кездегі Жоғары кеңестің сессиясында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі идеясын жария еткен кезде бұл идеяға сенгендерден сенбегендер көп болды. Үміттен гөрі күдік басым болатын. Экономикалық байланыстар үзіліп, кәсіпорындар жабылып, жұмысыздық көбейген уақытта, айлап айлық, жылдап жалақы төленбей тұрған кезде астананы көшіру ешқандай санаға симайтын нәрсе болып көрінетін. Бірақ, көп ұзамай мұның ұлы идея екендігне көзіміз жетті. Есілдің оң жағалауындағы ескі қала адам танымастай болып өзгерді. Сол жағалауда әлемдегі озық сәулеттік үлгідегі ғимараттар бой көрсете бастады», - деп атап өтті сенатор.

Оның айтуынша, Астананың құрылысы ел экономикасына үлкен серпін берді. Өндірісті дамытудың, құрылыс пен құрылыс индустриясын өркендетудің локомативіне айналды. Елордаға қарап облыс орталықтары бой түзеді. Аудан орталықтары көркейе түсті. Айналдырған 20 жылдың көлемінде Қазақстан астанасы әлемнің жауһарына айналды. Сарыарқаның сары даласына Астана дайын күйде түсе салған сый сияқты көрінді.

«Соның артында қаншама еңбек пен ерлік тұрғанын, күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер өткенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан болса керек, біз түк болмағандай бас қаланың жаңа атауына байланысты түрлі ой-пікір айтып жатамыз. Ол да дұрыс шығар. Демократиялық мемлекет құрып жатқаннан кейін ой плюрализмінің болғаныда оңды. Ол әлемде болып жатқан үрдіс. Бірақ, біздің өз дәстүріміз, салтымыз бар. Біздің ең үлкен құндылығымыз - бірлік пен ынтымақ. Біз азаматымызды ардақтап, ұрпағымызды құндақтай білген халықпыз. Осы тұрғыдан алғанда да Елбасының тәуелсіз мемлекет тұрғызудағы шексіз еңбегін, тарихи рөлін есептегенде күні-кешегі саяси өзгерістер мен қабылданған тарихи шешімдер біздің мемлекетіміздің, халқымыздың өркениеттілігін көрсетті», - деді ол.

Оның атап өтуінше, осы арқылы Қазақстан халқы қай кезеңде болса да пендешіліктен, алауыздықтан, арандатушылықтан шет тұратынын дәлелдеді. Ал бұл шындығында қай мемлекет болмасын жетуді мақсат тұтатын шынар биілігі. Соған Қазақстан жетіп отыр. Қазақстандықтардың басым көпшілігі астананың Нұр-Сұлтан деп аталуына қолдау көрсетуде.

«Нұр-Сұлтан атауы астанамызды одан әрі биіктете түсетіндігіне ешқандай күмән жоқ. Әлемде Нұрсұлтан мен Қазақстан егіз ұғым болып табылады. Н.Назарбаевты халықаралық деңгейдегі реформатор, бейбітшілік бастамалары мен идеялардың авторы, ядролық қарусыз әлем идеясының бастаушысы, тәуелсіз мемлекет құрудың архитекторы ретінде мойындаған алпауыт елдердің басшылары да, ірі инвесторлар да Қазақстанға үлкен сеніммен қарайтындығына ешқандай күмән жоқ. Осының барлығына «тәубе» дегіміз келеді», - деді Әли Бектаев.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT