Нұр-Сұлтан әкімдігі 100 электр автобусын сатып алмақ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жаңадан 100 электр автобусын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қалалық мәслихаттың отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сатып алу бойынша несиені жабу үшін 1 млрд 102 млн теңге керек. Ол несиеге 100 электр автобусын сатып алмақпыз. Біз қазір электр автобустарын жеткізетін инвестордың жауабын күтіп отырмыз. Ол жыл соңына дейін көліктерді жеткізіп беруі тиіс», - деді Нұр-Сұлтан қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев қалалық мәслихат депутаттары алдында жасаған баяндамасында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы елордада келесі аптада жол салу, жөндеу науқанының басталатынын айтты.

«Жол жөндеу жұмысы ауа райына байланысты. Одан бөлек, біз қазір қоғамдық көлік тарифін қайта қарау мәселесін қарап жатырмыз. Сол сияқты әлеуметтік маңызы бар маршруттар санын көбейтуді де қолға аламыз. Аталған мәселелер бойынша нақтылайтын жайттар қалды. 2-3 ай көлемінде дайын болады», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елорда жолдарындағы кептелісті шешу үшін 2 көпір салынады.

Одан бөлек, қала әкімдігі биыл жол жөндеуге қосымша 32 млрд теңге сұрап отыр.


Соңғы жаңалықтар