«Нұр Отанның» БАҚ-пен қарым-қатынас жөніндегі кеңесі тендер мәселесін талқылайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін бірінші отырысын өткізген «Нұр Отан» партиясы жанындағы БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас жөніндегі кеңестің келесі отырысында БАҚ саласындағы тендр мәселесі талқыланады. Бұндай ұсынысты кеңес отырысына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов айтты.

Айта кетейік, кеңестің бірінші отырысына Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашев, «Хабар агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Айдос Үкібай, «7 арна» телеарнасы директорлар кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» басқарма төрағасы Дәурен Дияров, «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Айдос Қыдырма, «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбайлар қатысып, әркім өз пікірін ортаға салды.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз не жазсақ та ең алдымен елдің болашағын ойлап жазуымыз керек. Журналистің сөзіне қаншама адам құлақ асатыны белгілі, қаншама көрермен журналистік сюжетін тыңдайтыны белгілі», - дей келе, А.Мырзахметов енді бұл кеңестің жұмысын жүйелендіру керек деді.

«Кеңестің жұмысын жүйелендіруіміз керек. Әуелбаста қабылданған кеңес ережесіне сәйкес, екі айда бір отырыс өткізуіміз керек. Дегенмен, қажет болса бір айда бір рет, тіпті, он күнде бір рет өткізейік. Бірақ, кеңес өтті екен деп, мәселені сөзбен сапырып қана қоймай, нақты мәселе айтып, сол мәселені шешу үшін нақты не істеуіміз керек деген ұсынысты қатар айтайық. Партияның құзырында Үкіметке, заңнамаға қатысты белгілі бер мүмкіншілік бар. Егер сіздердің ұсыныстарыңыз расымен мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейтін болса, оны біз қолдауға дайынбыз», - дей келе А.Мырзахметов «кеңестің келесі отырысында - тендер мәселесін күн тәртібіне шығарайық» деген ұсыныспен ойын қорытты. Осылайша, кеңеске қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарына бөлінетін тендердің тиімділігін талқылайтын болды.

Соңғы жаңалықтар