«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы 55 баланы мектепке дайындады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы 55 баланы мектепке дайындады. Партия филиалында өткен шарада аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға мектепке қажетті киімдер мен құрал-жабдықтар табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қатысқан «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қалима Жантөреева көпшілікті жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сондай-ақ, әр балаға сөмкеге салынған кеңсе заттары мен мектеп формаларын табыс етті.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған.

«Партия жыл сайын бұл акцияға дәстүрлі түрде атсалысып келеді. Бізден көмек сұрап, қолдау күтетін өңір тұрғындары жетерлік. Біз үнемі бар ресурсты пайдаланып, демеушілер тарту арқылы көмектесіп келеміз. Соның ішінде мектеп оқушыларын мектепке даярлау – міндетті көмек деп санаймын. Олар біздің ертеңгі болашағымыз, келешекті дамытар ұрпақ. Біз олардың ештеңеден кем қалмай, білім алуына барынша жағдай жасауымыз керек. Мұны жарияламасақ та болар еді, дегенмен, өзге әріптестеріміз бен кәсіпкерлерге үлгі болса дейміз. Акция 30 қыркүйекке дейін барлық филиалдарымызда да жалғасатын болады. Жыл басынан бері «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық бөлмесіне көмек сұрап 50 оқушы тіркелген. Сонымен қатар, «Жас Отан» жастар қанатының қамқорлығында 5 оқушы бар. Жалпы бүгін 55 балаға қуаныш сыйлап отырмыз» – дейді, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева.

Жиында көп балалы ана Айжан Бақтыбаева игі іске ұйытқы болып отырған партия қызметкерлеріне көпшілік атынан алғыс айтты.

Соңғы жаңалықтар