«Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің жаңа құрамы жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің жаңа құрамы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде саяси кеңестің 92 адамнан құралған жаңа құрамы бекітілді. Бұған дейін «Nur Otan» партиясы өз саяси кеңесіндегі өзгерістер туралы жариялаған еді. Жалпы, партияның жоғары өкілді органы 55%-ке жаңарған.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы болып бірауыздан сайланды.

Саяси кеңестің алдыңғы тізімінде 100 адам болған, жаңа тізімге енбегендер қатарында – Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, бұрынғы Премьер-Министр Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бар.

Ал жаңа мүшелер қатарында – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов бар.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде үш мәселе қаралды. Олар – партияның Төрағасын сайлау туралы, жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер.



Соңғы жаңалықтар