Nur Otan партиясының мүшелері мүгедектер мүддесін қорғауда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Партия мүшелері қарағандылық жұмыс берушілерге мүгедектердің жұмысқа орналасу құқығы туралы әңгімеледі. Бұл күндері облыстың барлық қалалары мен аудандарында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында кәсіпорындарда кездесулер өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партиялықтар жұмыс берушілерге мүгедектердің еңбек құқықтары, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған квоталар туралы айтып берді. Сонымен қатар, олар кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке шақырды. Өмірдің қиындығына тап болған адамдарға дер кезінде қол ұшын беріп, көмек көрсетудің маңызы жайлы әңгімеледі.

Nur Otan 2019-2021 жылдарға арналған «Кедергісіз келешек» жобасының жол картасын әзірледі. Құжатта инклюзивті білім беруді дамыту, мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамту, кедергісіз орта құруға жәрдемдесу бойынша шаралар қарастырылған.

Мемлекет қолдауымен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған шеберханалар мен кәсіптік оқыту орталықтары ашылады. Мысалы, Саран қаласында есту қабілеті нашар мүгедектер жұмыспен қамтамасыз етілді. Ол үшін бюджет қаражатына құрал-жабдықтар сатып алынды.

Айта кетейік, елімізде мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заң 2005 жылы қабылданды. Ол мүгедектердің тең мүмкіндіктерін, әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған ережелерді қамтиды. Ал, 2015 жылы Қазақстан әлемнің 130-дан астам елінде ратификацияланған Мүгедектердің құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қосылды.

Соңғы жаңалықтар