Nur Otan партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы тағайындалды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Nur Otan партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы болып аймақ басшысы Серікбай Трұмов тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа басшыға куәлікті өңірге арнайы сапармен келген партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек кезектен тыс ХХХІ конференцияда табыстап, құттықтады. Жиында саяси кеңес құрамына енгізілген өзгерістер айтылып, болашаққа жоспар жасалды.

Жиында Бауыржан Байбек қоғамдық диалог қамтамасыз ету керектігін айтып, арыстықтарға көмек қолын созған Маңғыстау халқына ризашылығын білдірді. Елдің әлеуетін арттыратын бастамаларды да аяқсыз қалдырмауды тапсырып, әсіресе, "Бақытты отбасы", "Құтты мекен", "Халыққа көмек", "Ауыл - ел бесігі" сынды 20 жобаның жұмысын жандандыруға назар аударылатынын жеткізді.

«Партия халық пен билік арасындағы дәнекер болуы қажет. Көп жағдайда партия үнсіз қалады да, салдарынан халықта өкпе пайда болады. Сол себепті, халықпен ашық диалог құрып, сын айтылу қажет. Президент Қасым Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, партия қатарын сөзі мен ісіне салғырт қарайтын, уәдесіне тұрмайтын, сауатсыз жандардан тазартып, партия құрамын ел алдында өз сөзін өткізе алатын, еліне адал қызмет етуге даяр жігерлі жас буын өкілдерімен толықтыру қажет», - деді «NUR OTAN» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Конференция барысында «Nur Otan» партиясы МОФ Саяси кеңесінің құрамына бірнеше өзгерістер енгізіліп, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары болып Елубай Әбілов Жақайұлы тағайындалды. Жалпы, жыл басынан бері партияның өңірдегі филиалына 1395 арыз түскен. Оның тең жартысы оң шешімін тапса, қалғанына көмек көрсетілген.

Басқосу соңында партия жұмысына белсенді атсалысқандарға Президент Қасым Жомарт Кемелұлы атынан алғыс хаттар табысталды.

Содан соң, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары құрылысы жүріп жатқан онкологиялық диспансердің жұмысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар