«Nur Otan» партиясының атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс төрағасы, палатадағы Nur Otan фракциясының жетекшісі Ерлан Қошанов «Nur Otan» партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынды. Бұл туралы ол партияның кезектен тыс съезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ашығын айтқанда, елмен бірге партиямыз да жаңғыруы қажет. Ұйымның идеологиясын жаңа мазмұнмен толықтырып, тиімді жұмыс тәсілдерін енгізуіміз керек. Осы орайда, партияның табиғаты да, атауы да өзгеріп, жаңаруы керек де санаймыз. Бұл мәселе алдын-ала жан-жақты талқыланды, бірқатар ұсыныстар айтылды. Пікірлесе келе партиямыз «Аманат» деген атауға лайық деген ойға келдік. Бабаларымыз бізге Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді қалдырды. Мыңжылдықтардың ар жағынан бастау алатын бай тарихымызды бүгінгі күнге жеткізді. Сондай-ақ елдік мұратымызды, ұлттық мұрамызды, бірліктің, татулықтың даңқты дәстүрін ұрпаққа табыстады. Осы ел мен осы жерді бізге ата-бабаларымыз аманат етіп тапсырды. Енді оны біз келер ұрпақтарға лайықты аманаттауға тиіспіз», - деді Е. Қошанов.

Осы орайда ол ел бірлігін, халық тұтастығын, ұлттар татулығын, еңбекқорлықты, біліктілікті болашақ замандарға жаңартып, жаңғыртып жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті.

«Бұл істе тыңнан түлеген, сындарда шыңдалған партияға жүктелер жауапкершілік салмағы ересен. Біз қашанда бабалар аманатына адал болуымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз. Сондықтан, еліміздегі ең басты саяси ұйымның «Аманат» деп аталуы орынды деп ойлаймыз. Осыған орай, бүгінгі съезде Мәжілістегі Фракция депутаттары партия атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынып отыр. Осы ұсынысты қарауларыңызды сұраймыз», - деді Мәжіліс төрағасы.


Соңғы жаңалықтар