Nur Otan партиясына қандай өзгерістер қажет – Сарапшы пікірі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саясаттанушы, Еуразиялық интергация институтының директоры Оразғали Селтеев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезінен не күту керектігі туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ертеңгі жиында Nur Otan партиясының ребрендингі туралы мәселе көтерілуі мүмкін.

«Партияға ребрендинг жүргізілетіні анық. Бірақ оған біржақты қарамау маңызды. Көптеген адамдар ребрендингті тек атау мен логотипті өзгерту деп түсінуі мүмкін. Алайда, бұл процесс партияның қазіргі жұмысындағы тәсілдерді қайта құруға бағытталады деп ойлаймын. Олар өз электоратының сауалдарына үн қатып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін, әсіресе мәслихаттардағы фракциялар арқылы іс жүзінде қорғауға да белсене кіріскендері жөн. Облыстық және аудандық филиалдардағы басшылық құрамды жаңарту қажет. Онда жаңа көзқарасы бар, партияның адамдармен қарым-қатынасын қалпына келтіретін жаңа адамдарды әкелу керек. Әйтпесе, барлық жаңғырту босқа кетуі мүмкін. Жергілікті жерлерде депутаттарды алмастыру жұмысы жүруі мүмкін. Оған Nur Otan партиялық тізіміндегі резерв жеткілікті», - деді Оразғали Селтеев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшының айтуынша, ребрендинг – партияның алдағы барлық сайлау науқандарына дайындық процесінің бір бөлігі болуы мүмкін.

«Партия филиалдарын облыстардың, қалалар мен аудан әкімдері басқаруын тоқтату қажет деп ойлаймын. Мұны партияның өзі қолға алуы керек, әйтпесе президенттік реформалар мен тапсырмалардың орындалуына нақты және сапалы партиялық бақылау жасау қиын болады. Партияны әкімдерден бөліп-ажырату маңыздыдеп есептеймін», - деді Оразғали Селтеев.

Сонымен бірге, саясаттанушы Мемлекет басшысының елдегі шынайы көппартиялықты дамытуға жол ашу үшін партиядағы төрағалықтан кетуі де мүмкін екенін айтты.

«Бұл Президенттің Жолдауы қарсаңында қисынды да болар еді, онда ол партиялық және сайлау заңнамасын либеризациялауға байланысты саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынуы мүмкін. Жаңа шаралар ашық бәсекелестік саяси ортаны қалыптастыруға, жаңа саяси партиялардың пайда болуына жағдай туғызуы тиіс. Президент Nur Otan партиясының алдына сервистік партия болу міндетін қойды. Көбінесе аймақтардағы партия жергілікті атқарушы биліктің жетістіктерін меншіктеп алады. Бұл дұрыс емес. Партия мұнымен айналыспауы керек. Партияның басты бағыты өз сайлаушыларының мүдделерін білдіру және құқықтарын қорғау болуы тиіс», - дейді О. Селтеев.

Соңғы жаңалықтар