Nur Otan партиясы iKomek-ке қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Nur Otan партиясының қалалық филиалы мен iKomek109 бірыңғай байланыс орталығы бірлесіп жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Жаннат Дубированың айтуынша, техник мамандар алдымен партияға қарасты қоғамдық қабылдаулардың жұмысын зерделеп шықты. Одан кейін оны цифрлық форматқа түсіріп, 109 интеллектуалдық байланыс орталығына қосты. Осылайша, ортақ жүйеде партияның қоғамдық қабылдауларына бейімделген қызмет іске қосылды. Соның нәтижесінде партияға түскен арыз-шағымдарды бірден тиісті мекемелерге жіберуге мүмкіндік бар.

«Бұрын «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдаулары арыз-шағымдарды қағаз жүзінде қабылдап, соның негізінде коммуналдық мекемелерге хат жазып отыратын. Сұрау салып, жауап күтетін. Қазір біз бәрін бір жүйеге қостық. Қоғамдық қабылдау белгілі бір мәселені тіркеуге алса, аталған проблема бірден тиісті коммуналдық қызметке жіберіледі. Былайша айтқанда, біз партияның қоғамдық қабылдауларында отыратын мамандарға орталық жүйеге кіруге мүмкіндік бердік. Енді, олар қағаз толтырып отырмайды. Ортақ жүйеге барлық проблемаларды жазып, бірден жауапты мекемелерге жібереді», - деді Ж.Дубирова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Қазіргі кезде iKomek109 қызметін Nur Otan партиясының порталымен интеграциялау мәселесі де пысықталып жатыр.

Айта кетейік, iKomek жүйесінде жауапсыз ПИК-тердің тізімі де бар. Әзірше, оны тек әкімдік қызметкерлері ғана көре алады. Дегенмен, алдағы уақытта арнайы портал іске қосылады. Сол жерде барлық ақпарат ашық жарияланады. «Мәселен, бүгінде ПИК-тердің тізімі бар. Онда өз қызметіне жауапты және жұмысты нашар істейтін компаниялардың барлығы көрсетілген. Дәл қазір мен олардың бәрін атай алмаймын. Дегенмен, алдағы уақытта халық барлық ақпаратты көре алады. Қазіргі кезде біз арнайы порталды әзірлеп жатырмыз. Сол жерде барлық ақпарат жарияланады. Шамамен, мамыр айында ол портал іске қосылады», - деп атап көрсетті Ж.Дубирова. Орталық басшысы астаналықтарды қандай мәселелердің мазалайтынын да айтып берді.

Соңғы жаңалықтар