Nur Otan партиясы Алматыдағы медқызметкерлердің уақытша тұрып жатқан жерлерін бақылауға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Nur Otan партиясының Алматы филиалы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерінің уақытша тұрып жатқан орындарын партиялық бақылауға алуды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуырда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бастаған, құрамында партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық СЭС және АМБ өкілдері, қоғамдық ұйымдардың волонтерлері бар жұмыс тобы медицина қызметкерлерінің тұрып жатқан орындарын тексеріп, эпидемиологиялық нормаларды сақтау бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Бүгін Медеу ауданында партбақылаудың мониторинг тобы екінші рет Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің №3 жатақханасы мен «Мика сити отель» қонақ үйін тексерді. Бұл жерде 124 медицина қызметкері тұрады. Партиялық комиссия тарапынан бірінші мониторинг кезінде анықталған кемшіліктердің жойылуы тексерілді.

«Иә, шынымен де мониторинг тобымен медицина қызметкерлері тұратын нысандарды қайта бақылау кезінде эпидемиологиялық талаптардың сақталмағандығы жөнінде фактілер анықталған болатын. Оларды жою бойынша күнделікті жұмыс атқарып жатырмыз. Сондай-ақ, қайта бақылау кезінде медицина қызметкерлері тарапынан бірқатар тілек-ұсыныстар айтылып, сұрақтар қойылған болатын. Олар партияның қалалық филиалының төрағасы, қала әкіміне жеткізіліп, бақылауға алынды», - деп атап өтті Nur Otan партиясы Медеу аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әміржан Нәбиев.

Мейірбике Бақыт Әбілдаеваның айтуынша, өткен аптада комиссия келіп олардың тамақтануы мен қорғаныс құралдарымен қамтылуын тексерген.

« Nur Otan партиясы демеушілермен бірігіп, санитайзерлер мен жеміс-жидектер әкеліп берді. Әріптестерім «Birgemiz» қорынан 50 мың теңге материалдық көмек алып жатыр. Елбасымыз бен Президентімізге медицина қызметкерлерінің қамын ойлап, көмектесіп жатқандарына алғысымызды білдіреміз», - деді Бақыт Әбілдаева.

Алдағы уақытта, тексеру қорытындылары бойынша мониторинг топтары дайындаған анықтамалар толық талданып, тиісті шешімдер қабылданатын болады.


Соңғы жаңалықтар