Nur Otan өзен cуының ластануы мен құрғау мәселелерін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН: ҚазАқпарат - Өзендердің ластануы мен құрғап қалу проблемалары, арналарда заңсыз құрылыстар салу фактілері, елді мекендерді сумен жабдықтаудың мардымсыз жағдайы «Nur Otan» партиясының Экологиялық кеңесінің отырысында талқыланды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, партия алаңында «Nur Otan»-ның өңірлік экологиялық кеңестері жасаған 200 түйінді мәселенің тізімі қаралды. Оларды жүйелі түрде шешу үшін отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық және өңірлік деңгейдегі экологиялық проблемалардың тізілімі бекітілді.

Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, бүгінде Атырау облысындағы жағдай күрделі. Өңір негізінен Жайық және Ойыл, Сағыз бен Жем өзендерінен су алады.

«Осы су ағындарындағы су көлемінің азаюы жер асты көздерінің сарқылуына, елді мекендерді сумен жабдықтаудың нашарлауына, шабындықтар мен жайылымдардың шөлейттенуіне алып келеді. Яғни, халық саны 2 млн. адамнан асатын батыс өңірінің экологиясы мен ауыл шаруашылығы өндірісіне айтарлықтай әсер етеді», - деп атап өтті ол.

Су тапшылығы мен құрғақшылық салдарынан мал жаятын және шөп шабатын жерлер нашарлап, мал шығынына әкелді. Мәселен, Маңғыстау облысында 2020 жылы мал өлімінің 4883 жағдайы тіркелсе, биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша –1332. Бұл тек тіркелген деректер ғана. Осындай жағдай Атырау облысында да орын алуы мүмкін.

«Жем-шөп пен суару көздерінің жетіспеушілігінен ауыл тұрғындары қазірдің өзінде ұстап отырған малдарынан құтылуға мәжбүр. Жайық өзенінің жайы үлкен алаңдаушылық туғызады. Оның бассейнінде көлемі 10 млн. текше метрден астам 12 ірі су қоймасы және күрделі құрылыстары бар 80-ге жуық су торабы салынды. Бассейннің барлық шағын өзендерінде 3100-ге жуық жер бөгеті жүйесіз тұрғызылып, Жайық суының деңгейіне орны толмас зиян келтірді», - деп атап өтті Дүйсенбай Тұрғанов.

Сонымен қатар, бассейн бойындағы өнеркәсіптік кәсіпорындар суды мұнай өнімдерімен, ауыр металл қосындыларымен және хлорорганикалық пестицидтермен, ал адамдар қоқыс пен қалдықтармен ластайды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша, Жайық өзенінің ағысын зерттеген кезде оның жылдан-жылға қысқарып бара жатқаны анықталған. Бұл батыс өңірдің экономикасы үшін де, сол сияқты өзеннің төменгі ағысындағы және Каспийдің солтүстік бөлігіндегі экология үшін де теріс салдарларын тигізіп отыр. 2006 жылдан бастап Жайық өзеніндегі судың төмен деңгейі су тасқыны кезінде де, сабалық кезеңдерде де қатарынан қайталанып келеді.

Өз кезегінде Экологиялық кеңес өкілдері су ағындарын қорғау мәселесінде салалық ведомстволар сылбырлық танытты деп санайды. Оған бүтін бір аймақ үшін тіршілік нәрінің негізгі көзі болып отырған Жайық өзенінің ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының тізіміне енбей қалуы дәлел.

Сондай-ақ осы өңірдегі Жем, Ойыл және Сағыз сияқты басқа өзендерінде де ағынның өте аздығы байқалады. Оның басты себептердің бірі – Ақтөбе облысының аумағында өз беттерінше салып алған бөгендер мен бөгеттер. Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандарының аумағын шолып шыққан кезде, Ойыл өзенінің жоғарғы ағысы мен бассейндерінде әртүрлі нысандағы 57 гидротехникалық құрылыс анықталды: 8 – республикалық меншік, 3 – коммуналдық, сондай-ақ 34 иесіз бөгеттер.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының әкімдігіне су көздерін тазалау және барлық заңсыз гидротехникалық құрылыстарды бұзу ұсынылды.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов бүгінде аталған жұмыстар басталып, жалпы өңірде экологиялық жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп жатқанын айтты. Оның ішінде, Елек өзенін хромнан тазарту басы ашық мәселе күйінде қалып отыр.

Жиын барысында Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов салада кадрлардың жетіспейтіндігіне назар аударып, көбінесе үш облыста бір инспектор жұмыс істейтінін алға тартты.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының қатарына қосу және Атырау облысын шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау жөніндегі өңірлік жоспарды әзірлеу. Бұдан басқа, жергілікті билік Бас прокуратураның заңсыз салынған бөгеттерді жою жөніндегі нұсқамасын орындауға және бөгеттер мен су қоймаларын есепке алу мен салуды одан әрі тәртіпке келтіру жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.


Соңғы жаңалықтар