Nur Otan өз депутаттары туралы қызықты деректермен бөлісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қыста өткен сайлаудың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «Nur Otan» фракцияларының құрамы 65%-ға жаңарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш саяси ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қыста өткен сайлаудың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «Nur Otan» фракцияларының құрамы 65%-ға жаңарды. Осыған байланысты билеуші партияның баспасөз қызметі әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында қазақстандықтарды өздерінің жаңа депутаттарымен таныстыратын айдар ашты. Олардың басым бөлігі – көп қиындық көріп, бүгінде қайырымдылықпен, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдаумен белсенді айналысып жүрген, ерік-жігері мықты азаматтар.

Солардың бірі – партияішілік праймериздің нәтижесінде елордалық мәслихаттың депутаты болған Ғабит Сатмағамбетов. Павлодар облысының балалар үйінде өскен оны кейіннен баласы жоқ отбасы асырап алады. Болашақ халық қалаулысы заңгерлік білім алып, адвокат болып жұмыс істейді. Бірақ уақыт өте келе өзін басқа салада сынап көрмекке бел буып, құрылыс компаниясын құрады. Осылайша, ол 2014 жылдан бері 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салды.


Қолға алған ісі алға басып, тасы өрге домалаған Ғабит Сатмағамбетов тағдырдың тауқыметіне ұшырап, түрлі қиындықтарға тап болған жандарға қол ұшын созу үшін қайырымдылық қорын құрды. Оның қоры 2,5 мыңнан астам қазақстандыққа көмек көрсетті. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 200-ден астам көпбалалы отбасыға пәтер берді. Сондай-ақ, ол азық-түлік себетін тарататын акцияларды тұрақты түрде ұйымдастырып, қарттар үйі, саңыраулар мен мүгедектер қоғамына қамқорлық жасап, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жылына 100 млн теңгеден астам сомаға емдеу және оңалту курстарының ақысын төлейді. Ол Арыс қаласындағы зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылысына 50 млн теңгеден астам қаражат бөлді.
Жаңа айдардың тағы бір кейіпкері – Шымкент қаласындағы «Nur Otan» фракциясының депутаты Наргиза Керімбаева. 5 баланың анасы 12 мыңнан астам азаматқа қайырымдылық көмек көрсеткен жеке еріктілер қозғалысын құрды. Наргиза Керімбаева Мақтаарал мен Арыс қалаларындағы қайғылы оқиғалардан кейін зардап шеккен аудандарға арнайы барып, тұрғындарды аса қажетті тауарлармен қамтамасыз етті.


Наргиза Керімбаева праймеризде жеңіске жеткен соң депутат атанды. Нақ осы партияішілік іріктеудің нәтижесінде Шымкент мәслихатындағы «Nur Otan» фракциясының құрамы 75%-ға жаңарып, ал әйелдер саны 12-ден 30%-ға дейін артты.
Ерік-жігері мықты азаматтың үлгісін көрсетіп жүргендердің бірі – Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Владимир Эрман. Бала кезінен кикбоксингпен айналысқан ол жарақатына байланысты сүйікті спортынан бас тартуға мәжбүр болды. Тіпті, соның салдарынан жүріп-тұра алмай қалды. Алайда, өр мінезді жігіт мақсатынан айнымады, бетке алған бағытынан таймады. Жарақат алған соң ол алғашында бұлшық еттерін нығайту үшін, содан кейін кәсіби деңгейде жүзумен айналыса бастады. Тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек спортшылар арасында жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Владимир Эрман бүгінде өзін толығымен қоғамдық жұмысқа арнаған. Ол ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаумен бұрыннан айналысады. 2014 жылы алғашқылардың бірі болып Петропавлда мүгедектер үшін жеңілдікпен әлеуметтік такси қызметін ұйымдастыру бастамасын көтерді. Сонымен қатар, 30-дан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа тұрақты жұмыс табуға жәрдемдесті. Нұротандық белсенді аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін тарату және балаларды мектепке дайындау акцияларына үнемі қатысады.


Партияның тағы бір жарқын өкілі – Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Арман Есенжұлов. Зауытта балқытушыдан «Қазхром» компаниясының президентіне дейінгі кәсіби жолдан өткен ол бүгінде тұрақты түрде қайырымдылықпен айналысады. Арман Есенжұлов металлургтердің кадрлық резервін қалыптастыруға және жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған «Шеберлер мектебі» бірегей білім беру жобасын құрды. Бүгінде еліміздің тау-кен металлургия саласын дамытуға үлес қосып жүрген жүздеген маман осы мектепте білім алды. Депутат жыл сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан ауыл мектептерінің оқушыларын Ақтөбеге экскурсияға алып барады. Ал саяхаттың соңында балалар планшет, мектеп пен спорт киімдерін және оқу құрал-жабдықтары салынған сөмкені сыйлыққа алады.
«Балалар үйі түлектерінің өмірі мен мансабын жоспарлау» жобасы аясында билеуші партияның депутаты Қалқаман балалар үйінің үш тәрбиеленушісінің және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі баланың жауапкершілігін өз мойнына алды. Балалар арнайы білім алып, тегін тамақ пен тұратын жермен қамтылды. Кейіннен олар зауытқа жұмысқа орналасты.
2020 жылдың жазында «Қазхром» ауруханалардың реанимация бөліміне 6 мыңнан астам оттегі баллонын жеткізу арқылы Ақтөбенің медициналық мекемелеріне қолдау көрсетті. Пандемия кезінде Арман Есенжұловтың бастамасымен кіші медициналық қызметкерлерге, блокпостардағы әскери қызметкерлерге, жалғызбасты зейнеткерлерге қайырымдылық көмек көрсетілді.


Партия тағы бір мысал ретінде «Парасат 2018» қайырымдылық қорын құрған Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Нұрғазы Сәтбаевты келтірді. Оның бастамасымен қор Теректі ауданының «Алтын шуақ» мүгедектер бірлестігіне көмек көрсетіп, ауыр науқасқа ұшыраған жандардың шетелде емделу ақысын төлейді. Сонымен қатар, ол коронавируспен күрестің аймақтық қорына 10 млн теңге аударды.
Қайырымды адам ретінде Нұрғазы Сәтбаев аз қамтылған және көпбалалы төрт отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті. Теректі ауданының Подстепное ауылындағы төрт баласы бар ата-анасы саңырау, тек жәрдемақыға жан бағып отырған отбасыға үй алып берді. Алты бала тәрбиелеп отырған тағы бір көпбалалы отбасы үшін жыл бойы пәтер кезегі келгенге дейін жалдамалы тұрғын үй ақысын төледі. Сонымен қатар, нұротандық депутат Казталов ауданы Жұлдыз ауылында аула сыпырушы болып істейтін жеті баласы бар азаматтың да тұрғын үй мәселесін шешуге жәрдемдесті. Сондай-ақ, жалғызбасты ананың «Отбасы банк» арқылы пәтер сатып алу үшін 50% жарнасын төлеп берді.
Еске сала кетейік, жергілікті өкілді органдарға сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясына сайлаушылардың 82,4%-ы дауыс берген болатын. Мәслихаттардағы билеуші партия фракцияларының құрамы 65%-ға жаңарды. «Nur Otan» депутаттарының орташа жасы – 45-ті құрап, 6 жылға жасарды. Әйелдер саны 11-ден 30%-ға дейін, 35 жасқа дейінгі жастар саны 16-дан 23%-ға дейін өсті.


Соңғы жаңалықтар