«Nur Otan»-ның партияішілік іріктеуі ашық әрі әділ өтуі тиіс – мәслихат депутаты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков «Nur Otan» партиясының алдағы партияішілік іріктеу додасының ашық, әділ әрі жоғары бәсекелестік жағдайында өтетініне сенім білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Праймериз «Nur Otan» партиясының халықтық партия екенін көрсететін шара деп білеміз. Жергілікті жерлерде оны насихаттау мақсатында біз праймериздің қағидат-ережелерімен, мақсат-бағыттарымен толық таныстық. Құдай қаласа, партияішілік іріктеу жұмыстары арқылы Парламент Мәжілісіне, облыстық, жергілікті мәслихаттарға елдің сөзін айта алатын, халықтың ойынан шығатын мықты азаматтар барады деп кәміл сенеміз. Праймеризге қатысу арқылы әр азамат өзінің ұстанымын жеткізе алады. Депутат ретінде айтсам, өкінішке қарай, арамызда проблемасыз ауылда өмір сүріп жатқандай үні естілмейтін әріптестеріміз де бар. Солардың орнын ел мүддесін ойлайтын азаматтар басуы тиіс», - дейді ол.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда әлем елдерінде праймериздің бірнеше түрі қалыптасқан. Атап айтсақ, ашық, жабық, аралас және байқау форматында. Осыған дейін «Nur Otan» партиясы саяси додаларда байқау нұсқасын қолданып келген. Мысалы, ашық праймеризді Ресей, Аргентина, Франция, Италия сияқты елдерде қолданады. Жабық праймериз Канада, Германия, Түркияда дамыған. Қазақстанда қолданылғалы жатқан праймеризді классикалық сипаттағы жабық түрі деуге тағы болмас. Себебі ашық праймериздің кейбір элементтері отандық форматқа енгізіліп, бұл өз кезегінде елдегі жағдайға икемделген әрі либералды-демократиялық сипатқа ие формаға айналған. Партияға кіру жолы жеңілдетілген. Әрине, адам өзін бұл додаға еркін ұсына алады. Бірақ кейін партияға кіруі тиіс. Азамат өз кандидатурасын ұсынған күннен кейін небары 3 күнде партияға қабылдана алады.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультеті саясаттану кафедрасының профессоры Наталья Калашникова былай дейді:

«Ресейдің праймеризді ашық өткізу тәжірибесі бар. Әрине, онда техникалық ахаулар мен ақпараттық шабуылдар да болды. Сол себептен «Nur Otan» партиясының праймеризді жабық түрде өткізетіні дұрыс деп білем. Бірақ қоғамды дәл осы «жабық» сөзі алаңдатып отыр. Осыдан кейін «бәрі алдын ала шешілген» дегендей қаңқу әңгіме тарады. Сол себептен «жабық» сөзін алып тастауымыз керек. Өйткені бұл «Nur Otan» партиясы енгіздіріп жатқан жаңа тренд, мүлдем жаңа форма! Мұны көптеген саяси партиялар зерттеп жатыр. Маған бұл ұстаным жақын. Ең алдымен, біз докторантура, магистратурада нәтижелердің негізінде арнайы курс енгіземіз. Бұл өте маңызды, себебі саяси мәдениет болашақ саясаттанушыларымыз үшін аса қажет. Ендігі кезекте магистрлік, докторлық диссертациялық жұмыстардың жаңа саяси сайлау технологиясына бағыт алары сөзсіз», - дейді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов праймериз арқылы депутаттыққа «мүмкіндігі мен билікте аға-көкесі бар адамдар» емес, нағыз адал, елге жақын азаматтар келеріне кәміл сенеді. Заң шығарушы органдарға кәсіби білікті азаматтар көбірек тартылса, қоғамда наразылық та азаюы тиіс.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері мен мүшелері «Nur Otan» партиясының праймеризі жөнінде Zoom-конференцияға партия хатшысы Әлібек Әлденей, ҚХА мүшелері Белла Газдиева, Дмитрий Корепанов, Джамалайл Элимханов, Дилярам Абдимитова қатысты. Zoom конференцияны Нұр-Сұлтан қаласының Түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев жүргізді.


Соңғы жаңалықтар