Nur Otan-ның алматылық штабы бір аптада 100-ден астам шара өткізді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Nur Otan-ның Алматыдағы сайлауалды штабында бір аптада 100-ден астам шара өтіп, ол 13 мың адамды қамтыған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау штабы бір аптаның ішінде 100-ден астам шара өткізген. Штаб бас сұққан орындардың ішінде наубайханадан бастап теміржол депосының ұжымына дейін бар.

«12 мамыр күні өз үміткеріміздің 200-ден астам қоғамдық қабылдауы ашылды. Бұл халықпен кері байланысты нығайтып, сайлаушылардың талап-тілектерін жинауға септігін тигізеді. Штаб мүшелері апта ішінде 36 қоғамдық қабылдау өткізіп, 316 адамды тыңдаған. Мысалы, 8 баланың анасы Гүлзат Мамиева «Бақытты отбасы» партиялық бағдарламасының аясында жеңіл несиемен 3 бөлмелі пәтерге ие болды. Ал 13 мамыр күні кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «BIRGE» ұлттық акциясын қолға алынды. Акция аясында кез келген азамат кандидатқа өз ұсынысын айта алады», - дейді «Nur Otan» қалалық қоғамдық штаб басшысы Рахман Алшанов.

Еске салсақ, 11 мамыр күні Қазақстан бойынша ҚР Президенттігіне үміткер 7 кандидат сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастаған.

Бұған дейін кандидат Дания Еспаеваның штаб өкілдері атыраулық сайлаушыларымен кездессе, Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдері Ақтауда зауыт жұмысшыларымен жолықты. Ал Жамбыл Ахметбековтің штабы Астана электртехника зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Кандидат Әміржан Қосановтың сенімді өкілдері елордадағы орталық базарда үгіт жүргізсе, Сәдібек Түгелдің өкілдері Ақмола облысында асық ату турниріне қатысып, кандидаттың өзі Шучинскте шығармашылық кешін өткізді. Тағы бір үміткер Төлеутай Рақымбеков ҚазАТУ ұжымымен жүздесіп, бағдарламасын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар