«Nur Otan» қатарына Түркістан облысының белсенді азаматтары қабылданды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында азаматтарды «Nur Otan» партиясының қатарына қабылдауға арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев 27 тұрғынға куәліктер мен төсбелгілерді тапсырды.

Б. Тәжібаевтың айтуынша, бүгінде партия қатары өз саласы бойынша жемісті еңбек етіп жүрген белсенді азаматтармен толығып жатыр.

«Біз жергілікті мәслихаттарда түрлі сала өкілдерінің болғанын қалаймыз. Бұрын депутаттардың басым бөлігі кәсіпкерлер болса, енді бұл қатарға әлеуметтік сала қызметкерлері, білім, медицина, мәдениет және өзге де сала өкілдері қосылады деген сенім бар. Саяси жұмыста қыз-келіншектер мен жастар қатары да артады. Мәслихатта қоғамның әртүрлі тармақтарының өкілдері болуы, олардың үні естілуі тиіс. Енді елімізде партиялық праймериз өтеді. Сол саяси науқанға қатысып, елдік мәселелерге араласуға мүмкіндіктеріңіз бар. Партияға әркім жүрек қалауымен, шынайы ниетпен келеді. Облыста «Nur Otan» партиясының 85 мыңнан астам мүшесі бар. Сол азаматтармен бірге жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын», – деді облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары.

Салтанатты жиында партия куәлігіне ие болған Қазығұрт аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Н.Боранбаева жетекші партияның елді өркендету жолындағы еңбегіне тоқталып, партия қатарына қабылданғанына қуанышты екенін жеткізді. Сонымен бірге Түлкібас ауданынан келген ұстаз А.Көшербай партия тарапынан қолға алынған бастамалардың маңызды екеніне тоқталып, праймериздің шын ел жанашырларын шоғырландыруға серпін беретінін атап өтті. Ал, көпбалалы аналар партия тарапынан әлеуметтік сала бойынша ауқымды шаралар жүргізіліп жатқанына өз ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының 85 мыңнан астам мүшесі бар. 2019 жылдан бастап 2020 жылдың ақпан айына дейін партия қатарына 5 мыңнан астам адам қабылданып, 8 мыңнан астам адам шығарылған. Түркістан облысы бойынша бір күн ішінде аудан-қалаларда 122 адамға партия куәлігі тапсырылған. Олардың арасында ұстаздар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, спорт саласының өкілдері, көпбалалы аналар және өзге де сала мамандары бар.


Соңғы жаңалықтар