«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Б. Байбектің өңірлерге сапарында көптеген проблемалар шешімін тапты

None
None
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өңірлерге сапарының қорытындысында жергілікті тұрғындар көтерген көптеген проблемалары өз шешімін тапты. Бұл туралы бүгін партияның Орталық аппаратында өткен брифинг барысында қоғамдық қабылдаулар бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов мәлім етті.

«Партия әрқашан азаматтармен тікелей жұмысқа ерекше назар аударып келеді және назар аудара беретін де болады. Бүгінгі күні бұл бағытты одан сайын күшейте түсудің қажеттілігі туралы түсінік қалыптасты, яғни азаматтармен байланысты нығайта түсудеміз. Өзінің қызметіне кіріскен алғашқы күннен-ақ, партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те ең алдымен қарапайым жұртшылықпен жүздесуді жолға қойды, ол қызметін өңірлерді аралаудан бастады», - деді Ж. Жүкенов.

Оның айтуынша, мұндай сапарлардың тақырыптық бағыттары да қамтылды. Мәселен, Алматы қалалық және Павлодар облыстық партия филиалдарында Төраға орынбасары жастармен жүздесіп, жұмыспен қамту мәселелерін талқылаған. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы жұртшылықпен кездесулер барысында елді мекендердегі тұрғын үй-коммуналдық проблемалар, оның ішінде нысандарды сумен қамту, жөндеу мәселелері жайында сөз болды. Соның нәтижесінде бірқатар өзекті мәселелер бойынша Б. Байбек нақты тапсырмаларды тиісті органдарға жүктеді және оның басым бөлігін бүгінгі таңда өз шешімін тапқан. «Маңғыстау облысындағы кездесулерде Жаңаөзен қаласындағы перзентхананы жөндеуден өткізу, сондай-ақ осы секілді әлеуметтік нысандар құрылысын ұдайы бақылау жайы сөз болған еді. Қазіргі таңда ондай нысандардың барлығында партиялық бақылау бекеттері жұмыс істейді. Қарағанды облысы Абай ауданының 2 мыңнан астам халқы бар Құрма ауылындағы «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің жабылуына қатысты да мәселе көтерілген болатын. Аудан әкімдігінің ақпаратына қарағанда, бұл бөлімшені жақын аралықта ашу мәселесі қаралуда», - деді Ж. Жүкенов.

Соңғы жаңалықтар