«Нұр Отан» ХДП көшпелі қоғамдық қабылдауды ұйымдастыратын болады

None
None
күйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Нұр Отан» ХДП жол полициясы қызметкерлерімен бірлескен  көшпелі қоғамдық қабылдауды ұйымдастыратын болады.

 

  Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП мен ҚР Ішкі істер министрі арасындағы Құқықтық жүйедегі демократиялық өзгерістерді жүзеге асыруды тереңдету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністермен күресті жетілдіру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында партия Төрағасының орынбасары Дархан Кәлетаев мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі күні «Нұр Отан» партиясы мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп көптеген жұмыстарды атқарып жатыр. Ең бастысы, Елбасының партия алдына қойған міндеттерін бірлесе орындау барысында ынтымақтастықты арттыра түсу керек деп ойлаймыз. Әрине, «Нұр Отан» басқарушы партия ретінде қолдан келгенше іс-шараларды атқаруда. Бұның жалғасы ретінде ішкі істер органдарымен бірлескен жобаларды да қолға алатын боламыз. Атап айтқанда, жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп, көшпелі қоғамдық қабылдауды да ұйымдастырамыз. Ал меморандумға қол қоя отырып, біз бұл бағытты одан сайын кеңейте түсеміз», деді Д. Кәлетаев. Оның айтуынша, партия мен ішкі істер органының бірлескен әрекеті барысында  азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жан-жақты жүргізілетін болады.

 Өз кезегінде Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов құжаттың сыбайлас жемқорлықпен күрестегі маңыздылығына тоқталып өтті. «Елбасы айтып өткендей, жемқорлықпен күрес науқандық шара болып қалмайды. Оның үстіне Мемлекет басшысы ішкі істер органы алдына нақты міндеттер жүктеп отыр. Оның ішінде полиция қызметкерлеріне қоғамның сенімін арттыру, оның имиджін көтеру және ішкі істер органы арасында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне  басымдық берілетін болады. Бұл бағытта «Нұр Отан» партиясымен бірлескен бірқатар салмақты шараларды жүзеге асыруға бел буып отырмыз. Қылмыспен, сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес жалпы қоғам жұмыла түскенде ғана жемісті болады», деді С. Баймағанбетов.

Соңғы жаңалықтар