Nur Otan дарынды балаларды қолдау жұмысын күшейтеді – Бауыржан Байбек

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның сайлауалды бағдарламаларының Түркістан облысында іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірнеше жыл бұрын Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанды жаңғырту туралы қабылдаған шешімі еліміз үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін тарихи оқиға болды. Қысқа мерзім ішінде руханиятымыздың діңгегі болған көне де қасиетті қала қайта түледі», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарлама аясында 2025 жылға дейін өңірде көптеген әлеуметтік және мәдени жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Облыста 5 жылға жоспарланған 1956 іс-шараның 20%-тен астамы орындалды. 364 мың шаршы метр тұрғын үй, 15 жаңа мектеп, 8 мәдени нысан салынды. Жыл соңына дейін 717 елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізеді, сондай-ақ өңірдің тағы 65 мың тұрғыны табиғи газбен қамтамасыз етіледі.

2025 жылға дейін облыста 66 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Бүгін Бауыржан Байбек партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Түркістанда салынған қалалық орталық аурухананы аралады.

«Медицина қызметкерлерімен бірге денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде өңірлерде білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесін талқыладық. Бұл мәселені шешу үшін партия нақты мақсаттар қояды. Атап айтқанда, балалар дәрігерлерін қоса алғанда, арнаулы салаға маманданған медицина қызметкерлерін даярлауға арналған гранттар саны артады. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы 2,5 есеге көбейіп, кемінде 550 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы кемінде 190 мың теңгені құрайды. Тірек және серіктес ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашылып, жаңғыртылады. Жалпы, барлық көздерден денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 5%-тіне дейін жеткізілетін болады», – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Сол күні Бауыржан Байбек голливудтық «Disney» кинокомпаниясының мемлекеттік тілге дубляждалған «Жан» мультфильмінің көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына арналған қайырымдылық көрсетіліміне барды. Бұл – «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің жоғары халықаралық стандарттар бойынша ағылшын тілінен қазақ тіліне дубляждаған 37 шетелдік кинокартинасының бірі.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары атап өткендей, «Бақытты отбасы» жобасы аясында партия дарынды балаларды анықтау және қолдау жұмыстарын күшейтеді, спорттық секциялар мен балалар үйірмелері ашылады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету үшін бүкіл ел бойынша 234 арнайы орталық ашылады.

Түркістан облысына сапар барысында Бауыржан Байбек «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар форумының қатысушыларымен де кездесті.


Соңғы жаңалықтар