«Нұр Отан» дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалыспақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев медицина қызметкерлері күніне орай Астана қаласындағы №2 қалалық аурухана мен балаларға арналған қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталған нысандардың жұмысымен танысқан М.Әшімбаев дәрігерлерді кәсіби мейрамдарымен құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі. Денсаулық сақтау саласы Елбасы, партия Төрағасының ұдайы басты назарында. Сондықтан осы бағытта көптеген игі бастамалар қолға алынып, сәтті жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде елімізде медициналық көмек көрсету ісінде айтарлықтай ілгерілеу анық байқалады. Бұл жұмыстар «Нұр Отан» партиясының да басты бақылауында екені сөзсіз», - делінген партияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.



Мәулен Әшімбаев алдымен №2 қалалық ауруханада болды. Бұл аурухана 24/7 режімінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационар болып саналады. Мұнда мамандандырылған 19 бөлімде жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Қалалық аурухана отандық және шетелдік медициналық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ауруханада талдамалардың барлық түрі жасалады. Консультативтік-диагностикалық бөлімде профессорлар, медицина ғылымдарының кандидаттары, жоғары және бірінші дәрежелі дәрігерлер қызмет көрсетеді. Сондай-ақ сheck-up бағдарламасы арқылы да медициналық көмек алуға мүмкіндік бар. Аурухана бөлімшелері компьютерлік және магниттік резонансты томографпен, кешенді ангиографиялық, операциялық және реанимациялық бөлмелерге арналған құралдармен, манипуляциялық қондырғылармен және автоматтандырылған зертханалық кешенмен жабдықталған. Бұл жылына 12 мыңнан астам операция жасауға және 16 мыңнан астам адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Емдеу мекемесі 360 стационарлық төсек орынға шақталған.

Ауруханың бас дәрігері Иван Лидің айтуынша, мұнда пациенттерді бастапқы қабылдау халықаралық тәжірибе бойынша жүргізіледі. Яғни, аурухананың қабылдау бөліміне триаж деп аталатын жүйе енгізілген.

«Сол бойынша барлық науқастар негізші үш ағынға бөлінеді. Қызыл - өміріне қауіп төніп тұрған, шұғыл көмекті қажет ететін науқастарға арналған. Сары ағындар да шұғыл науқастар болып табылады. Бірақ мұнда қызмет көрсету уақыты екі сағатқа шегерілген. Ал соңғы жасыл ағын келушілерге диагностикалық кеңес беруге, белгілі бір уақыт аралығында көмек көрсетуге болатын және амбулаториялық негізде босатылатын науқастар», - дейді И.Ли.



Сондай-ақ аталған нысан елімізде қарқынды жүзеге асырылып келе жатқан денсаулық сақтау саласын дамыту және жаңғырту бағдарламасына да белсене қатысуда. Медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында тың бастамалар қолға алынып, аурухана жұмысына цифрландыру үдерісі де кеңінен енгізілуде. Соның нәтижесінде дәрігерге жазылу, кеңес алу сияқты жұмыстар аурухананың веб-сайты арқылы жүргізіледі.

Аталған медициналық мекеменің қызметкерлерімен кездескен Мәулен Әшімбаев оларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары балаларға арналған қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына барды. Бұл аурухана да заманауи медициналық технологиялармен жабдықталған, жоғары сапалы қызмет көрсететін мекемелердің бірі. АҚШ-тан әкелінген Масс-спектрометр анализаторының көмегімен мұнда микробиология бойынша сапалы талдау жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, педиатр-дәрігерлердің осы жерде оқып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік қарастырылған. Өткен жылдан бастап балалар арасындағы асқазан жұқпаларының алдын алу шаралары бойынша зерттеу жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді.

Мәулен Әшімбаев мекеме қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, денсаулық сақтау еліміздегі аса маңызды салалардың бірі екенін айтты.

«Қоғамда кез келген мамандықтың өз орны бар. Дегенмен, солардың ішінде дәрігерлердің рөлі ерекше. Өйткені халықтың денсаулығы ақ халатты абзал жандардың жұмысына тікелей байланысты. Ал денсаулықтың бәрінен маңызды екені айтпаса да түсінікті. Мұның мемлекет үшін де маңызы жоғары. Себебі мемлекеттің ең негізгі байлығы шикізат, ірі өндіріс ошақтары, табиғи қазбалар емес, білімді, дені сау азаматтар. Білім мен мықты денсаулық қана ХХІ ғасырдағы даму үрдістерінің басты талабы болып отыр. Яғни, қазір оза шауып, алға шығу үшін осы екі басымдыққа ерекше мән беру керек. Осы тұрғыдан алғанда елімізде Елбасымыздың бастамасымен ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның арқасында отандық медицина барлық жағынан қарқынды дамып, жаңа реформалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы да Елбасының сенімді тірегі ретінде айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Алдағы уақытта да партия осы саланың одан әрі дамуына, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, халықтың денсаулығын нығайтуға басымдық беретін болады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне назар аударды. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев аталған бастаманың отандық медицинаны жаңа деңгейге көтеріп, осы саладағы бірқатар әлеуметтік мәселенің оң шешілуіне ықпалын тигізетінін тілге тиек етті.

Соңғы жаңалықтар