Nur Otan: Атыраудан Мәжіліске үш үміткер ұсынылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІІ конференциясы өтіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер ұсынылды, деп деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік филиал төрағасы, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, праймериз кезеңінде партия мүшелерінен 1061 ұсыныс түскен. Оның 448-і сайлауалды бағдарламаларының жобасында көрініс тапқан. Ал сайлауалды бағдарламалардың жобасына 12 толықтыру мен өзгеріс енгізілген.

Конференцияда 8 үміткер дебатқа қатысып, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Делегаттардың дауыс беруімен Мәжіліске сайланатын депутаттардың партиялық тізіміне үш үміткер іріктелді. Ең көп дауыс Дүйсенбай Тұрғановқа берілді. Оның үлесінде 107 дауыс бар. Ал, Сәлімжан Нақпаев 98 дауысқа ие болды. Көп дауыс алған бұл үміткердің екеуі де – жеке сектор өкілі. Үшінші үміткер Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы Толқын Бейісқали 74 дауыс жинады.

«Праймериз кезеңінде партия мүшелерінен түскен ұсыныстар мен аманаттар ескерілді. Соның негізінде облыстық филиалдың сайлауалды бағдарламасы жобасы қабылданды» -деді облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев.

Сондай-ақ, конференцияда облыстық мәслихаттың партиялық тізіміне 47 үміткер енді. Олардың 25 пайызын жастар, ал, 30 пайызын әйелдер құрады.


Соңғы жаңалықтар