«Нұр Отан» астаналық мұғалімдер мен дәрігерлерге хостелден орын беруді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында салынған хостелдер медициналық қызметкерлерге жалға берілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл бастаманы «Нұр Отан» партиясы Астана қаласының филиалы әкімдікке ұсынған.

«Астанада баспанаға қол жеткізу - өзекті мәселелердің бірі. Сондай-ақ қалаға 2-3 мың медицина қызметкерлері жетіспейді. Жалақыны көтеру біздің қолымызда емес, оны Үкімет бекітеді. Ал Астана - Қазақстандағы ең қымбат қалалардың бірі. Әсіресе, үйді жалға алу бағасы өте қымбат. Өткен жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін көптеген хостелдер салынған болатын. Оны жалға алу көп қаражатты талап етпейді. Біз Әсет Өрентайұлына (Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі - авт.) таза, санитарлық талаптарға сай, дәретханасы мен ваннасы, балалар ойнайтын алаңы бар хостелдерді кәсіпкерлерден белгіленген бағада жалға алып, білім және медицина саласында жұмыс істейтін бюджеттік қызметкерлерге, полицияға беруді ұсынып отырмыз», - деді «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров қалалық медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімінде.

Б. Сапаровтың айтуынша, ең алдымен хостелге жалақысы төмен медицина қызметкерлерін, медбике, жедел жәрдем жүргізушілерін орналастыру керек.

«Менің ойымша, әкімдік аталған санаттағы азаматтардың тұру ақысын өз мойнына алса, онда Астанада бір мәселенің шешілгені», - деп өз сөзін толықтырды партия өкілі.

Соңғы жаңалықтар