Nur Otan: Ақтөбеде аз қамтылған отбасы балалары компьютермен қамтылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Қазір 8 оқушыға 1 компьютерден келсе, 5 оқушыға 1 компьютер көрсеткішіне ауыстырылады. Техника алдымен аз қамтылған отбасы балаларына үлестіріледі. Бұл туралы Ақтөбе облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Естай Сисенбаев «Қарауылкелді ауылы» бастауыш партия ұйымының қызметкерлерімен онлайн кездесуде айтты.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында білім сапасын арттыруға басымдық берілген.

Алдағы бес жылда үш ауысымды, апатты мектеп мәселесі түбегейлі шешіледі. Бұл үшін 16 жаңа мектеп салынады. Көбі Ақтөбе қаласында.

Сонымен бірге жыл сайын 10 мектеп жөнделеді.

Мұғалімдермен онлайн кездескен Ақтөбе облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Естай Сисенбаев Байғанин ауданындағы басым бағыттарға тоқталды.

«Білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайтып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін және білім беру сапасын арттыруға бағытталатын жұмыс әрі қарай жалғасады. Партия білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында 8 оқушыға 1 компьютерден көрсеткішін 5 оқушыға 1 компьютерге жеткізу міндетін алға қойды. Егер қашықтан оқыту сақталса, халықтың әлеуметтік осал тобындағы 200 баланы компьютермен қамту қарастырылған. Жаңа жүйемен аттестатталған педагогтар үлесі 2025 жылға дейін 65% жетеді», - деді үміткер Естай Сисенбаев.

Қала мен ауыл мектептері арасында еш айырмашылық болмауы тиіс. Осы мақсатта Байғанин ауданының бірнеше мектебіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.

«2021 жылы Қосарал негізгі мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп, Баршақұм орта мектебіне спорт зал салынады. Ал 2022 жылы Қопа ауылындағы Ақтан жырау негізгі мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп, Жаңатаң ауылындағы мектеп жанына 100 орындық ғимарат салынады. 2023 жылы Кемерши ауылындағы Балдаурен балабақшасының ғимаратын жөнделіп, Оймауыт ауылына 150 орынды мектеп балабақшасы салынады. Осы ауылдағы сайлаушылармен кездескен кезде білім ордасының тозығы жеткенін, балалардың тәлім алуы кезінде көп кедергіге кезігетінін тұрғындар мен педагогтар айтқан. Міне, бұл мәселе сәтті шешімін тапты. Партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, жаңа мектептің салынатынын қуана хабарлап отырмыз», - деді Естай Сисенбаев. Сонымен бірге аудандағы орта мектептерде бірнеше кабинет жабдықталады. Спорт жабдықтары жаңарады.

Сайлаушылармен кездесу кезінде үміткер партияның сайлауалды бағдарламасының кәсіби, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарына тоқталды.

Қазіргі кезде ауданда заманауи дене шынықтыру-спорт кешені жұмыс істеп тұр. Мұнда түрлі жаттығу залы мен бассейн бар. Бұған дейін ауданда мұндай спорт кешені мүлде болмаған.

«Партия алдағы бес жылда халықтың денсаулығын нығайтуға, азаматтардың спортпен шұғылдануына басымдық береді. Мәселен, Жарлы, Ноғайты, Кемерши, Дияр, Қарауылкелді ауылдарында спорт және балалардың ойын алаңы салынады. Оймауыт, Жаңатаң, Бұлақтыкөл ауылдарында спорт зал ашылады. 2021 жылы Қарабұлақ және Баршақұм орта мектептерінде қосымша спорт зал құрылысы жүргізіледі. Халықтың спорт ғимараттарына қолжетімділігін 100% қамтамасыз етеміз», - деді үміткер.

Болашақ білімді ұрпақтың қолында екенін айтқан үміткер Естай Сисенбаев педагогтарға артылған жүктің, сенімнің ауыр екенін жеткізді. Қазір көбі қашықтан оқып жүр. Бұл да мұғалім мен оқушының сыналар шағы. Білім сапасын төмендетпей, оқушыларды тәрбиелеуде ата-ананың да атқарар рөлі орасан.

«Бәріміз де мұғалімнің алдында отырып, білім алдық. Біз олардың еңбегін жоғары бағалаймыз. Педагогтар өз уақытында біліктілігін арттырып, балаларды тәрбиелеуде заманауи әдісті қолдана білуі тиіс. «Nur Otan» партиясы мұғалімдердің әр жобасына үлкен сеніммен қарайды. Алдағы сайлауға қатысып, ел болашағы мен ертеңі үшін дауыс беруге шақырамын. Біз бірге болсақ, талай кедергіні еңсереміз», - деді Естай Сисенбаев.

Қиындықты бірге еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!

«Nur Otan» партиясына дауыс беріңіздер!

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.


Соңғы жаңалықтар