Нұр Отан 9 мың мектеп түлегін жұмысқа орналастырған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед бейне байланыс арқылы партияның құрылымдық бөлімдері және облыстық филиалдарының басшыларымен кеңейтілген жиналыс өткізді.

Онда Төрағаның Бірінші орынбасары партияның 2016 жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы жоспардың басым бағыттарын нақтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы жұмыс форматын жаңғыртып, көптеген игі істерге мұрындық болды. Біріншіден, партияның бақылау-тексеру қызметі айтарлықтай күшейді. Атап айтқанда, партия Төрағасы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміз бойынша «Нұрлы жол» ауқымды инфрақұрылымдық жобасымен қатар, басқа да маңызды мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды бақылайтын арнайы комиссиялар құрылды. Нәтижесінде бірқатар мәселелерді уақытында анықтап, оларды тез әрі тиімді шешуге мүмкіндік туды. Өз кезегінде бұл Елбасы тапсырмаларының сапалы орындалуына жағдай жасады. Жиын барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылап, партиялық мониторинг жасау партия Төрағасының тікелей тапсырмасы екенін атап өтті.

«Сол себепті, партия аймақтық филиалдарының басшыларына аталған бағдарламаның орындалу барысына партиялық бақылауды күшейтуді тапсырамын. Бағдарламаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асуына кедергі келтіретін олқылықтарға ерекше мән беру керек», - деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Екіншіден, «Нұр Отан» партиясы Ұлттық бірыңғай тестілеудің межелік деңгейінен өте алмаған немесе аталған сынаққа мүлдем қатыспаған мектеп түлектеріне қолдау көрсету бойынша Президент тапсырмасын сәтті орындады. Еліміз бойынша тестілеуге қатыспаған 54 мың түлек анықталып, олардың әрқайсысына партия тарапынан көмек көрсетілді. Мәселен, 9 мыңы жұмысқа орналастырылса, қалғандары жоғары оқу орындары мен кәсіптік техникалық білім беру мекемелеріне оқуға түсті.

Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары: «Бүгінде жұмысқа орналасу немесе оқуға түсуге байланысты мектеп түлектеріне қатысты мәселелер толығымен шешілді», - деді.

 Үшіншіден, арнайы «жедел желі» мен интернет сайтының арқасында партия қоғамдық қабылдауының қызмет аясы кеңейіп, маңызы арта түсті. Өткен 2016 жылы 226 мыңнан астам қазақстандық «Нұр Отаннан» көмек сұраған. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға артық. Мұхтар Құл-Мұхаммед партиядан көмек сұрап келгендер санының өсуі оның халық арасындағы беделінің артқанын білдіретінін айтып: «Көбінесе халық амалы таусылып, барар жер, басар тауы қалмаған кезде «Нұр Отанға» келеді. Сондықтан біздің міндетіміз - көмек сұрап келген әр азаматқа мейлінше қолдау көрсету» - деді.

 Төртіншіден, «Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ешқандай баламасы жоқ NURINTECH республикалық инновациялық байқауын өткізді. Оның басты мақсаты - жас ұрпақ арасындағы ғылыми ізденістің дамуына тың серпін беру. Соған орай әрі қарай жетілдіру үшін жыл сайын еліміздің әр түкпірінен жас ғалымдар мен өнертапқыштардың жобалары іріктеліп алынады. Өткен жылдың соңында NURINTECH-тің финалына шыққан алғашқы 20 жас өнертапқышқа сыйлықтар тапсырылды.

Бесіншіден, аз қамтылған отбасыларынан шыққан талантты және болашағы зор жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында Президенттің тапсырмасымен партия «Нұр Арман» бірегей жобасын қолға алды. Қазірдің өзінде жоба арқылы 9 жас өрен Ұлыбритания, Қытай, Малайзия және Ресейде білім алуға мүмкіндік беретін қайырымдылық грантына ие болды.

Алтыншыдан, іс-шаралардың желілік кестесі негізінде партия орталық пен аймақтардағы өз қызметін қысқа және ұзақ мерзімді жоспарлау жүйесін енгізді. Нәтижесінде қолда бар ресурстарды нақты бөлуге, белгілі бір басымдықтар бойынша жұмысты тиімді жүргізуге және барлық деңгейдегі партия қызметкерлерінің жұмыс нәтижелеріне қатаң бақылау жасауға мүмкіндік туды.

Жетіншіден, ақпараттық-талдамалық және түсіндіру жұмыстары жандана түсті. Оған мысал ретінде былтыр ашылған Саяси талдау және стратегиялық зерттеу орталығын, партияның жаңадан іске қосылған веб-сайтын, БАҚ, интернет кеңістігі және әлеуметтік желілермен жұмыс сапасының жақсаруын айтуға болады. Ал 2017 жылғы басым бағыттарға келер болсақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жиналыста алдағы тапсырмалар мен міндеттердің ауқымы айтарлықтай кеңейгенін айтты. Одан бөлек, Мұхтар Құл-Мұхаммед ерекше маңызға ие аталған мәселелермен қатар, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы президенттік бағдарламасын, агроөндірістік кешенді дамыту бағдарламасын, сондай-ақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын халық арасында кең көлемде талқылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, партия өкілдері «Нұр Отанның» сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылап, жүйелі мониторинг жасауға міндетті.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары: «Мемлекет басшысы өңірлердің толыққанды дамуына қажетті барлық жағдайды жасады. Ауқымы кең мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Оларды жүзеге асыру үшін миллиардтаған қаражат бөлінуде. Өте үлкен көлемде шетелдік инвестициялар тартылуда. Ендігі біздің басты міндетіміз - Президент тапсырмасы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алу», - деді.

Жиынды қорытындылай келе, Мұхтар Құл-Мұхаммед 2017 жылы «Нұр Отан» партиясына 18 жыл толатынын тілге тиек етті. Осы уақыт аралығында партия өз қатарына Елбасының ең сенімді жақтастары мен серіктерін топтастырып, беделді, мүшесі көп және шын мәніндегі Қазақстанның бүкілхалықтық саяси күшіне айналды. Сөз соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары: «Партия мүшелері үшін маңызы жоғары осынау жылда біз ортақ Отанымыз - Қазақстан Республикасының кемел келешегі үшін Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын жүз пайызға орындауға міндеттіміз. Президент еліміздің алдына жауапты да күрделі міндеттерді қойды. Егер әрқайсымыз өзімізге тиісті жұмысты адал әрі ұқыпты істесек, Елбасымыз сияқты бар жан-тәнімізбен берілсек, міндетті түрде жетістікке жетеміз және «Қазақстан-2050» даму стратегиясында көрсетілген мақсат-мұраттарды жүзеге асырамыз», - деді.

Соңғы жаңалықтар