Нұр-Мүбарак университетінде діни экстремизмнің алдын алу бағытында мамандар біліктілігін арттырып жатыр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Нұр-Мүбарак университеті жанындағы «Экстремизмнің алдын алуға байланысты мамандарды қайта даярлау институты» жақында «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясы» болып аясын кеңейткен. Бұл орталық еліміздегі діни оңалту және эксремизмге қарсы сала мамандарының біліктілігін арттыру жобаларын жалғастыруда. Осы аптада «Діни оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері» атты курс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету – жалаң жобалар емес, нақты осы саладағы мамандардың біліктілігін талап етеді. Осы орайда діни мамандарды даярлаушы жалғыз ислами жоғары білім ордасы Нұр-Мүбарак университеті жанынан 2016 жылы «Экстремизмнің алдын алуға байланысты мамандарды қайта даярлау институты» ашылған болатын. Жақында ғана «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясы» болып аясын кеңейткен орталық еліміздегі діни оңалту және эксремизмге қарсы сала мамандарының біліктілігін арттыру жобаларын жалғастыруда. Ағымдағы аптада «Діни оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері» атты курс басталды», делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Академия директоры, теолог Тимур Нүсіпханұлының айтуынша, экстремизмнің алдын алу бағыттары бойынша Орталықта тұрақты жобалар, курстар жыл бойы жалғасып отырады.

«Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктер, аймақтық діни зерттеу орталықтарындағы әріптестермен үнемі байланыстамыз. Күні кеше 26 қазанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандарына арналған курс басталып, оның ашылуына Нұр-Мүбарак университеті мен ҚМДБ басшылары қатысып, бұл мәселенің назарда екенін нақтылай түсті,-дейді ол.

Сондай-ақ биыл ҚР АҚДМ Дін істері комитеті тарапынан үшінші жыл қатарынан «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалды көзқарастан арылту және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру» атты курс өте жоғары деңгейде өткен. Еліміздің барлық аймағынан діни салаға тікелей қатысы бар 73 маман, яғни теологтар, исламтанушылар, имамдар, дінтанушылар жан-жақты білімдерін жетілдірді. Оларға Нұр-Мүбарак университетінің және өз саласының білікті оқытушы, ғалымдар дәріс берді.

«Біліктілікті арттыру жобаларынан өзге соңғы 2 жылда ҚМДБ, аймақтық және қалалардағы дін істері басқармалары, оларға қарасты орталықтар, жалпы 700-ден аса маман қамтыған 9 курс өткізген. Сондай-ақ «Жусан» гуманитарлық операциясымен қайтарылған және деструктивті діни ағым жетегіндегілерді оңалту мақсатында еліміздің әр аймағынан 200-дей адамға курстар өтті. Тек бұл бағытта ғана емес, БАҚ, әлеуметтік желілерде деструктивті санаға насихаттаушы шетелдік уағызшылардың 15 бейнежазбасына сараптама жасалып, нақты жауап берілді. Республикалық «Жетісу» телеарнасымен бірлескен «Бүгінгі дін» телехабарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, дерадикализация бойынша өзекті тақырыптарға 22 хабар көрерменге ұсынылды. Енді академия қызмет аясын халықаралық дәрежеде дамытуға сенім мол», делінген баспасөз баянында.


Соңғы жаңалықтар