Нұр-Cұлтанда ер адам дүкен сатушысын кепілге алмақ болған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда дүкендерінің біріне мас адам қарақшылық шабуыл жасады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін таңғы сағат 07.08-де болған. Полицияның «102» арнасына Гоголь көшесіндегі дүкенге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түседі.

Белгісіз ер адам дүкенге кіріп, сатушының бірін пышақпен қорқытып, сыртқа шығарып жіберген. Іште қалған тағы бір сатушыға пышақ кезенген ер адам дүкеннің кілтін талап еткен. Күдікті дүкенді іштен жауып жатқанда сатушы дабыл түймесін басып үлгереді.

Хабар келген бойда полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем мен төтенше жағдай өкілдері оқиға орнына аттанады.

«Дүкен жеке тұрған екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан болатын. Полицейлер жағдайды бағалап, ер адаммен келіссөз жүргізе бастады. Ол өзін өте дөрекі мінез көрсетті және мас екені көрініп тұрды. Күдікті қолындағы ас үй пышағымен өзін және сатушыны жарақаттаймын деп қорқытты. Келіссөз бірнеше минутқа созылды, өйткені сатушының өміріне қауіп төніп тұрған еді. Бұл кезде полицияның арнайы жасағы дүкенге екінші кіреберістен кіріп жатқан. Күдікті келіссөзге айналған кезде сатушы оның қолынан босап үлгерді. Осы кезде полицейлер күдіктіні қолға түсірді. 31 жастағы жігіт оқиға арасында кеудесін пышақпен жаралап үлгерді. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді», - деп жазады Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр.


Соңғы жаңалықтар