«Нұр Астана» мешітіне Әбу Насыр әл-Фараби есімі берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Нұр Астана» мешітіне Әбу Насыр әл-Фараби есімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісіне «Нұр Астана» мешітінің атауын өзгерту жөніндегі Ғұламалар кеңесінен ұсыныс түскен болатын.

ҚМДБ бөлім басшылары, облыс имамдары мен Орталық аппарат қызметкерлері мешіт атауының өзгеруін қолдап, дауыс берді. Нәтижесінде 15 жылдық тарихы бар мешіт ендігі таңда ойшыл, ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби есімімен аталатындығы туралы шешім қабылданды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қабылданған шешім нәтижесінде бүгін ресми түрде бұрынғы мешіт атауы жазылған тақтайша алынып, орнына Әбу Насыр әл-Фараби атындағы жаңа мешіт атауымен тақтайша орнатылды.

«Мешітті ұлы ойшылдың есімімен аталуында үлкен тағылым мен тәлім жатыр. Әлемге ілім мен білімнің шуағын шашқан «Екінші ұстаз» нағыз мұсылмандық сипатқа ие тұлға болған. Әділетті, иманына берік, азға қанағат, барға тәуба еткен, өте қарапайым қасиетке ие ислам әлемінің ғұламасынан алар өнегеміз орасан зор. Барша мұсылманды бақытты болуға шақырған, өмір бойы қайырымды қалада тұруды армандаған асқақ алыптың атымен аталатын «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің іші жамағатқа, сырты береке мен бірлікке толғай!», - деп атап өтеді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар