+7 (701) 759 90 19
USD 411.54 EUR 458.13
RUB 5.84 CNY 57.64
Jańalyqtar

«Нұр Әлем» - мұнайдың соңғы тамшысы

2018 жылғы 4 маусым 15:30
Бөлісіңіз:
«Нұр Әлем» - мұнайдың соңғы тамшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат- «Нұр Әлем» сферасы туралы бүгінде әрбір қазақстандық пен көптеген шетелдіктер біледі. Себебі, ол «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ең танымал нысаны болды. «Нұр Әлемді» Астананың ғана емес, тұтас Қазақстанның жаңа символы деп атауға болады.

«Нұр Әлем» сферасы ЭКСПО кешенінің дәл ортасында орналасқан. Шар тәрізді шыны ғимараттың диаметрі 80 метрді құраса, биіктігі - 100 метрге жетеді.

«Нұр Әлем» ЭКСПО объектілері арасындағы ең ерекше құрылым болды. Жоба авторы, неміс сәулетшісі кіші Альберт Шпер «Нұр Әлемнің» «мұнайдың соңғы тамшысы» және барша адамзаттың болашақтың энергиясына өтетін дәуірі ретінде ойластырғанын айтқан еді.

«Нұр Әлем» павильонының гиді Жамбыл Қосжановтың айтуынша, бұл сфера жаңа өмірдің басталуын, мәңгілік өмірді де бейнелейді.

Шар құрылысында біздің суыққа төзімді ерекше шыны қолданылған. Павильон атауын сол кездегі «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ұсынған.

«Нұр Әлем павильоны көрменің басты нысаны және бүкіл әлемде мұндай сфераның баламасы жоқ. ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде сфера күн мен желден алынған электр қуатымен өзін-өзі қамтамасыз етті», - дейді Жамбыл Қосжанов.

Баршаға аян, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне әлемнің 180 елінен 4 миллионға жуық қонақ келді. Біздің ұлттық павильонымызға келушілер саны ресми дерек бойынша 1 миллион 300 мың адамға жеткен.

Атап өткен жөн, көрмеден кейін де футуристік шар туристер арасындағы танымал орын болып қала береді, енді ол Болашақ музейі ретінде келушілерге қызмет етеді.

«Нұр Әлемді» жастар мен ересектер жаңартылатын энергия көздері саласындағы соңғы жаңалықтармен таныса алатын білім беру орталығы деп атауға да болады», - дейді Жамбыл Қосжанов.

«Нұр Әлем» республикадағы болашақ энергиясының алғашқы технологиялық музейі болып саналады және 8 қабаттан тұрады.

8 қабатта туристердің сүйікті орнына айналған шолу алаңы бар, ол жақтан қаланың таңғажайып көрінісін тамашалауға болады. Сондай-ақ, қонақтар мұнда шыныдан жасалған көпірмен жүре алады. Бұл мөлдір көпір бір уақытта 7 тоннаға дейінгі салмақты көтере алады. Бүгін де келушілер қарасы аз емес, олардың басым бөлігі - шетелдіктер. Әсіресе, Франция, Германия сынды Батыс Еуропа елдерінен келген туристерді көп байқаймын. Америкалық және ресейлік қонақтар да аз емес. Негізінен, Новосібір мен Омбы халқы жиі келеді», - деп атап өтті Жамбыл Қосжанов.


Экскурсоводтың айтуынша, әрбір қабат күн, жел, су энергиясы, биомасса сынды баламалы энергия көздерінің түрлеріне арналған.

«Саяхатты сегізінші қабаттан бастау керек, онда Астанада баламалы энергия көздері бойынша енгізіліп жатқан жобалармен танысуға болады. Авторлардың айтуынша, болашақта тұтынылатын энергияның 80%-ті «жасыл» технология көмегімен алынуы тиіс», - деп өз сөзін толықтырды Ж. Қосжанов.

Жетінші қабат ғарыш энергиясына арналған. Ал алтыншы қабатта үлкен күн макеті орналасқан.

Оның ішінде, күнде болатын процестер, оның энергетикалық әлеуеті туралы 3D-шоуды тамашалауға болады.

Бесінші қабат жел қуатына арналған. Мұнда поляр шұғыласының пайда болуы, торнадоның себептері және ауа ағынының метеорологиялық жағдайларға әсер етуі туралы мәліметтер беріледі.

«Павильонға келген кішкентай қонақтарға биомассалар қуатына арналған төртінші қабатқа баруға әрдайым кеңес береміз. Онда кез келген тілек білдіруші қызықты тәжірибелер жүргізетін интерактивті зертхана бар», - дейді Жамбыл Қосжанов.

Сфераның үшінші қабатында кинетикалық энергия туралы айтылады. Мұнда сіз веложаттығу жасап, дене қозғалысынан энергияның қалай жиналатынын көре аласыз.

Екінші қабатта су энергиясымен танысуға болады.

«Нұр Әлемнің» тұтас бірінші қабаты Қазақстанның ұлттық павильоны ретінде жасақталды. Мұнда келушілер қазақтың ұлттық мәдениетімен, тарихымен және салт-дәстүрімен танысты. Сондай-ақ, бұл қабатта отандық ғалымдардың заманауи жаңалықтары жөнінде ақпар берілді.

Нысандағы «Болашақ Энергиясының Музейі» экспозициясының бас әзірлеушісі неміс суретші-инсталляторы Раид Сабба болды. Тұжырымдама идеясын жүзеге асыру үшін кәсіби мамандар тобы жұмыс істеді.

«Менің алдымда тұрған басты міндет - құрғақ ғылыми тілді қалыпқа келтіріп, физикалық процестерді әрбір адамға түсінікті болатындай көрсету еді», - деді Раид Сабба ЭКСПО-да өткен дәрістерінің бірінде.

Бүгінде «Нұр Әлем» павильоны - Астананың ең жаңа әрі көрікті ғимараттарының бірі. Оны алыстан байқауға болады және кешкі уақытта ғимарат сырты түрлі өрнектермен боялғанда ерекше әсем нысанға айналады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT