NQZ: Елорда әуежайының жаңа коды қандай мағына береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық дипломат, елорда әуежайындағы NQZ кодының авторы Алтай Абибуллаев жаңа кодтың мән-мағынасын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызды Қазақстанның басты әуежайының жаңа кодымен құттықтаймын. Көптеген идеялардың арасынан тиісті құзіретті мемлекеттік орган мен ұсынған жаңа кодты іске асырып, халықаралық деңгейде келіссөз жүргізіп, NQZ кодын бекіткеніне өте қуаныштымын», - деді дипломат әуежайдағы салтанатты таныстырылымда.

Оның айтуынша, NQZ кодының логикалық және идеологиялық маңызы зор.

«N - Нұр-Сұлтан қаласы және Н. Назарбаев әуежайын білдіреді. Ал QZ - жаңа егеменді Қазақстанның жаңа әліпбидегі Qazaqstan атауын білдіреді. Яғни, жаңа кодтың үш мағынасы бар - жаңа әуежай, жаңа елорда және жалпы қазақ елінің халықаралық сахнадағы жаңа әліпбиі. Әуежай кодын ауыстыру - 50 жылдағы үлкен жетістік, Авиация комитетінің халықаралық сахнадағы жетістігі. Барша қазақ елін, бүкіл жолаушыларды құттықтаймын. Лайым осы атау мәңгілікке берілсін. Осы код арқылы еліміздің аты халықаралық деңгейде жаңа серпіліс алып, бренд ретінде нығайсын», - деді А. Абибуллаев.


Айта кетейік, Нұр-Сұлтан әуежайының үш әріптік кодын өзгерту жұмыстары 2014 жылдан бері жүргізілген. Бүкіл әлем бойынша әуежайларға бір рет және тұрақты негізде код беру жөніндегі IATA қағидаларына қарамастан, қазақстандық тарап өз мақсатына қол жеткізді.

Бұл өзгерістер 2019 жылдың 14 қазанында Варшава қаласында (Польша) IATA-ның барлық мүшелерінің қатысуымен Жолаушылар тасымалы стандарттары (Passenger Standards Meeting) кездесуінде қолдау тапты.

8 маусымнан бастап барлық брондау жүйелерінде, отырғызу талондарында, багаж биркаларында және ақпараттық таблода жаңа NQZ коды көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар