Новак Джокович «Үлкен дулыға» турнирінің финалына 36 рет шығып, өз рекордын жаңартты

None
Фото: instagram.com/djokernole
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемнің 2-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 23 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович АҚШ ашық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сербиялық спортшы жартылай финалда әлемнің 47-ракеткасы, 20 жастағы америкалық Бен Шелтонды жолдан тайдырды – 6:3, 6:2, 7:6 (7:4).

Осылайша, 36 жастағы Джокович «Үлкен дулыға» турнирінің финалына 36 рет шығып, өз рекордын жаңартты. Финалда 23 рет жеңіп, 12-сінде ұтылған ол өз мансабын аяқтаған швейцариялық Роджер Федерерден (31 финал) әлдеқайда ұзап кетті.

АҚШ ашық чемпионатынан кейін рейтинг көшін қайта бастайтын Н.Джокович финалда әлемнің 3-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен бас жүлдені сарапқа салады. Ол әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарасты ұтты – 7:6 (7:3), 6:1, 3:6, 6:3.

Әйелдер арасында соңғы бәсекеде әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенко мен рейтингте 6-орында тұрған америкалық Коко Гауфф кездеседі. Егер К.Гауфф чемпион болса, онда әлемнің 3-ракеткасы атанады. Қазақстандық Елена Рыбакина төртінші сатыда қалады.

Тағы бір қазақстандық Анна Данилина бүгін миксте финалда финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге жарыстың 1-ракеткалары, америкалықтар Джессика Пегула – Остин Крайчекпен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің теннистен әлем рекордын орнатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннисші Бейбіт Жұқаев сұхбатында ракетканы алғаш 7 жасында қолға алғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар