Нөсер жаңбырдан кейін Астана көшелерін су басып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналықтар нөсер жаңбырдан кейін су алып кеткен көшелердің видео-суреттерін желіге жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін түстен кейін елордада қатты нөсер жаңбыр жауды. Тұрғындар желіде қаладағы бірқатар көшені су алып кеткенін жазды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазгидромет елордада 5-7 тамызда нөсер жауатынын ескерткен болатын. Синоптиктер дауылдың ықтималдығын 85-90% болжаған.  

Елордалық Айжан Сарсенованың сөзінше, көшедегі суағарлар бітеліп қалғандықтан жауын суы кәріз суымен қосылып көшеге жайылып кеткен. Ал Daul Uahap жауынан кейін Тәуелсіздік даңғылы бойында көліктер кептелісі болғанын жазды. 

Елена Гуцудың айтуынша көлкіген судың кесірінен қоқыс жәшігіне бару мұң болып кеткен. 

Тұрғындар су алып кеткен көшелерді жүргіншілер жаяу кешіп жүргенін көрсететін видео жүктеді. 

Ал, Сарырақа ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бибігүл Абыддин Мәншүк Мәметова көшесінде жаңбырмен бірге келген қатты дауыл жел ағашты құлатып кеткенін хабарлады.

«Табиғатқа әмір жүрмейді. Жаман ауа райы болмайтынын білсек те, кейде табиғат құбылысының зардабын жасыра алмаймыз. Құйып өткен нөсер жаңбыр кезінде М.Мәметова көшесіндегі ағаш құлап түсті. Коммунальдық қызмет шұғыл қимылдап, санаулы минутта көлік қозғалысын қалпына келтірді», - деп жазды ол Фейсбукте. 

Ал, Байқоңыр ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Әсемгүл Төлепбергенова аудандағы бірнеше аумақты неліктен жаңбыр суы көлкіп кететінін түсіндіріп өтті.

«Нөсер жаңбыр кездерінде «Жастар» шағын ауданы, А.Иманов-М.Ғабдуллин, Республика даңғылы мен Бараев көшесі қиылыстарында өте көп су жиналып қалады. Бұл учаскелер түйткілді аумақтар саналады, өйткені орталық жаңбыр суы ағып кететін суағар желіге қосылмаған. Қазіргі уақытта сол маңдағы жұмыстарға 15 ассенизатор көлік пен 3 мотосорғы жұмылдырылды. Барлық өтінімдер бойынша режімге сәйкес жұмыс жүргізілуде», - деп жазды ол Фейсбукте. 

Автор: Дамир Байманов

Соңғы жаңалықтар