Норвегиялық Мария Қимашева Ақмоладағы туысқандарын іздестіріп жатыр

None
None
ОСЛО. ҚазАқпарат - Норвегиялық Мария Қимашева Ақмола облысындағы туысқандарын іздестіріп жатыр. Қазақстанның Норвегиядағы елшісінің орынбасары Талғат Жұмағұлов Facebook-тегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жуырда Елшілікке Мария Михайлова (Қимашева) деген норвегиялық азаматша хабарласып, өзінің Қазақстандағы туыстарын іздестіру жөнінде ақыл-кеңес сұрады. Біраз әңгімелестік. Марияның рұқсатымен осы әңгіменің мән-жайын осында баяндап отырмын.

Туған атасы Аманжол Қимашев - ҰОС ардагері. Соғыс аяқталған соң, Псковта Лидия Федоровна деген орыс келіншегіне үйленіп, сол жерде біраз жылдар өмір сүріпті. Кейін әйелімен ажырасқан болар, өзі Алматыға жөнеп кетеді де, әйелі екі ұлымен Псковта тұрмыстарын жалғастырды. Екі ұлдың бірі Андрей - Марияның папасы. Әкесімен аз-маз байланыс ұстап отырған екен. Аманжол атамыз Алматыдағы аяқ киім фабрикасында жұмыс істегені мәлім», - деп жазды Талғат Жұмағұлов.

Оның айтуынша, Марияның туыстарын іздеудегі қиындығы – Аманжол соғыс алдындағы көптеген қазақ бозбалаларындай жалғыз өскені. Бар білгені 1921 жылы (басқа деректер бойынша 1919 ж.) Ақмола облысы Еркіншілік ауданы Благодатное (қазіргі Олжабай батыр) ауылында дүниеге келгені.

«Марияның жуырда Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан сұратып алған Аманжолдың жеке ісінен мынадай қосымша мәлімет берілген екен: балалар үйіне 1927 жылы түсті, әкесінің аты Тасболатов Қимаш, анасының аты Тасболатова Орынбасар (Ормбасар, 1927 жылы Благодатноеда қайтыс болды).

Тағы бір маңызды көмек дерек: балалар үйіне туған апайымен бірге түскен екен. Аты-жөні қалмапты», - деді Талғат Жұмағұлов.

Елші орынбасарының айтуынша, Марияның өзі 2000-шы жылдары Ослоға оқуға, кейін ақпараттық технологиялар саласында жұмысқа тұрып, осында тұрақтайды. Михайлов – тұрмысқа шыққаннан кейін алған фамилиясы. Ол атасының тегі кім екенің, апайының ұрпақтарын, бар болса басқа да туысқандарын тапқысы келеді.

«Өз атамның туысқандарын, арғы аталардың жатқан жерлерін, әке-шешесінің тағдыры турасындағы мәліметтерді соңғы 25 жыл бойы іздеп, бөлік-бөлігімен енді ғана тауып жатқанымды айтып бердім. Яғни мұндай ізденіс оңайға түсер емес. Бірақ қазақ халқы туысшыл, бауырмал, шежірені білетін, қадірлейтін ел. Жұртшылық тарапынан қандайда бір құнды мәлімет шығып жатар. Негізі ауылмен де байланысқан дұрыс болар, дедім.

Марияға хабарлайтын пайдалы мәлімет немесе қандай да бір ақыл-кеңестеріңіз болса алғысы шексіз болар еді. Ел болып қолдау көрсетейік!», - дейді Талғат Жұмағұлов.


Соңғы жаңалықтар