Норвегиядағы көшкін: Құтқарушылар қаза болғандардың денесін тауып жатыр

None
None
ОСЛО. ҚазАқпарат – Норвегияның астанасы Осло қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Аск шағын кентінде көшкін жүргеннен төрт күн өткен соң құтқарушылар командасы қаза тапқан бесінші адамның денесін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Құтқарушылар онда түні бойы жұмыс істеген. Іздеу жұмыстарын борпылдақ топырақ, ауа райының қолайсыздығы және жарықтың жетіспеушілігі қиындатты.

«Біз көшкін жүрген ауданда өте күрделі жұмыс атқардық. Мұндағы жер жұмсақ, жабысқақ, арасында сынықтар өте көп. Жерді батыс жақтан қазуды, ағаш материалдар мен пенополистиролды қолданып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салуды шештік», - деді құтқарушылар командасының командирі Кнут Халворсен.

Сәрсенбіде жүрген көшкін салдарынан бірнеше тұрғын үй батпақтың астында қалып қойған. 10 адам зардап шегіп, біреуі ауруханаға жеткізілді, тағы 11 адам із-түзсіз жоғалғандар есебінде тұр.

Норвегияның премьер-министрі Эрна Сольберг бұның ел тарихындағы осы тектес ең ірі оқиғалардың бірі екенін мәлімдеді. 700-ден астам жергілікті тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды. Билік тағы 1500-ға жуық адамды көшіру қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар